Павлодарлық супермаркеттер Жаңа жылда бағаны өсірмеуге уәде берді
Мемлекеттік органдар бақылауды өз қолдарына алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Руслан Тілеулесов мәлімдеді.
– Меморандумдардың ішіндегі ең қызықтысы – «Шарбақты-Құс» ЖШС және «Павлодар құс» серіктестігімен жұмыртқаны арзандатылған бағамен сату туралы келісім. Leader, Inmart, Small және Greenwich төрт сауда желісімен әлеуметтік маңызы бар өнімдерге он пайыздық үстемеақыны ұстап тұру туралы келісім бар. Сауда орындары жылдың соңына дейін он пайыздық сауда үстемесі бар бірінші санаттағы жұмыртқаны сатуға міндеттенді, – дейді Руслан Тілеулесов.
Тұрақтандыру қорының серіктес дүкендерінде он жұмыртқаны 468 теңгеден сатады. Облыстың тұрақтандыру қорында барлығы бес миллион дана жұмыртқа бар.
Ірі сүт өнімдерін өндірушілермен де бағаны өсірмеу туралы меморандумдар жасалған. Олардың міндеттемелерінің орындалуы қадағаланатын болады.
Жыл басынан бері 2600 бақылау шаралары ұйымдастырылды. Бұл облыстағы барлық дүкендердің 91 пайызын құрайды.