Павлодарлық суретшінің туындысы Исландиядағы халықаралық көрмеге жолдама алды

Павлодарлық суретшінің туындысы Исландиядағы халықаралық көрмеге жолдама алды
Фото Ксения Дубоваяның жеке мұрағатынан

Ксения Дубованың акварель картинасы әлемнің үздік жұмыстарының қатарына енді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарлық суретші Ксения Дубова бірнеше ай күткен қуанышты хабарды алды. Оның туындысы халықаралық іріктеуден өтіп, Исландияда өтетін Aurora International Watercolour Exhibition көрмесіне қойылатын болды. Көрме 10–27 қыркүйек аралығында Акюрейри көркемөнер музейінде өтеді.

Байқау шарты бойынша әр суретші тек бір ғана акварель жұмысын ұсына алды. Қазылар алқасы әлемнің түкпір-түкпірінен келген авторлардың арасынан шамамен 70 үздік жұмысты таңдаған.

– Мен ұлттық қазақ киімін киген қыздың бейнесін салған акварельді жібердім. Осы жұмыс арқылы халқымыздың мәдениеті мен сұлулығын нәзік образ арқылы көрсеткім келді. Дәл осы туындының таңдалғанын білгенде қатты қуандым. Қазақстанның атынан осындай беделді көрмеге қатысу – мен үшін үлкен мәртебе, – дейді Ксения Дубова.

Картина биыл Наурыз мерекесі қарсаңында дүниеге келген. Ежелгі мейрамның ерекше атмосферасы суретшіге ұлттық киім мен әшекей таққан қазақ қызының бейнесін жасауға шабыт берген.

Ксения әртүрлі жанр мен техникада жұмыс істегенімен, соңғы жылдары акварель өнеріне ерекше ден қойып келеді.

– Акварельдің жандылығы мен тосын мінезін жақсы көремін. Әр жұмыс көңіл күйге байланысты туады. Сондықтан, жаңа сюжеттер мен эмоцияларды іздеу мен үшін әрдайым қызықты, – дейді суретші.

Исландиядағы көрме – павлодарлық суретшінің алғашқы халықаралық жетістігі емес. Бұған дейін оның туындылары Ұлыбританияда, Әзербайжанда, Ресейде және Мексикада өткен көрмелерде қойылған.

– Алғашқы халықаралық көрмем Лондонда өтті. Онда «Нәзіктік» атты қыз бен жылқы бейнеленген акрилмен салынған картинам ұсынылды. Ең есте қалғаны – осы туындымның британдық The Great Steppe Treasury көркемөнер каталогының мұқабасына шығуы болды. Бұл оқиға маған үлкен сенім беріп, шығармашылық жолымды жалғастыруға шабыт сыйлады, – дейді Ксения.

Аталған каталогқа Ұлыбритания, Қазақстан, Қырғызстан, Литва, Беларусь, Ресей, Германия және Қырымнан 24 суретшінің еңбектері енген. Басылым Еуразия кеңістігіндегі заманауи өнерді шетелдік аудиторияға таныстыру мақсатында шығарылып, Ұлыбританияның жетекші көркем галереяларына жолданған.

Суретшінің халықаралық жетістіктерінің қатарында Новосібірде өткен «Армандаушылар» көрмесі мен Бакуде ұйымдастырылған «Каспий толқындары» халықаралық акварель фестивалі де бар. Екі көрмеге қатысқаны дипломдармен және ресми каталогтардағы жарияланымдармен расталған. Қазіргі таңда Ксения Дубованың тағы бір туындысы Мексикадағы онлайн көрмеге қатысып жатыр.

Ксения Дубова шығармашылықпен қатар Artlandija көркемсурет мектебін басқарып, балалар мен ересектерге сурет салуды үйретеді.