Жан тебірентер драмалар мен күлкіге толы кештер: Павлодар театрының репертуары жарияланды
Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры мамыр айына арналған репертуарын ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ай соңына дейін көрермендер назарына сегіз қойылым ұсынылады.
«Балам, қашан келесің?..» драма
5 мамыр, 17:00
Олардың күнтізбесінде тек бір ғана күн бар. Ол– «бүгін келеді» деген үміт күні. Алты тағдыр, алты түрлі өкініш және бір ортақ күту залы. Бұл мекенде уақыт тоқтап қалғандай, тек есіктің әрбір шиқылы жүректі дүрсілдетеді. Өз үйінде сыймағандар, өз баласына «артық жүк» болғандар мұнда не іздейді? Олар перзентін кешіре ме әлде қарғай ма? Ең басты сұрақ: есік ашылғанда табалдырықтан кім аттайды – сағынған баласы ма әлде ажал ма?
Автор: Сәкен Сыбанбай. Режиссер: Жұлдызбек Жұманбай.
6 мамыр күні, сағат 10:00-де орыс халық ертегісінің мазмұнына сай өрбитін «Қасқыр және жеті лақ» ертегісі қойылады.
«Жәмила» драмасы
9 мамыр, 17:00
«Адамзаттың Айтматовы» атанған ұлы жазушы Ш.Айтматовтың «Жәмила» повесінің желісі бойынша сахналанған қойылымда мөлдір махаббат пен шынайы сезім көрініс тауып, қайсар Жәмиланың тағдыры бейнеленеді. Ауыр жылдардың жаңғырығы әйел болмысына ойран салып, тағдырын шимайласа да, жүрегінің үзілмеген әні үмітіне дем берді. Жәмиланың жаны ақ бұлттан жаралғандай кіршіксіз болса, мейірімі күннен таралғандай сәулелі еді. Табиғаты сыршыл, ақынжанды Жәмиланың сезімі мен сенім биігінде жолыққан Даниярдың махаббаты жарыққа жетеледі. Қараңғылықтан арашалады. Қос ғашық сөздеріне берік, сезімдеріне адал бола білді. Олар таптаурындылықтың қамытын шешіп, жарқын болашаққа қадам басты.
«Біз туралы» («Жылымық» әңгімесінің желісі бойынша) лирикалық драма
14 мамыр, 17:00
«Жылымық» – адам жүрегіндегі мейірім мен сағыныш, сүйіспеншілік пен кешірім жайлы сыр шертетін әсерлі драма. Қазақ әдебиетінің классигі Оралхан Бөкейдің бұл туындысы – адамның рухани әлемін, өмірдің аязды сәттерінде де жылылық табуға ұмтылған жанның ішкі күресін бейнелейді.
Қойылымда адам тағдыры, олардың өмірге, махаббатқа және бір-біріне деген сенімі көрініс табады. Суық қоғамда да адамды тірі ұстайтын күш – махаббат пен мейірім екенін спектакль әр көрінісінде сездіреді.
Театр ұжымы 15 мамыр күні Тереңкөл ауданына гастрольдік іссапармен барады.
«Күшік күйеу» комедиясы. Премьера
20, 21, 22 мамыр, 18:00
Қойлымда ауылда өскен, салт-дәстүрді бойына сіңірген жігіт қалаға келіп, мүлде басқа өмірге тап болады. Бір жағында – ата-дәстүр, үлкенге құрмет, қарапайым тіршілік. Екінші жағында – қала мәдениеті, жаңа көзқарас, басқа тәртіп.
27 мамыр күні Баянауыл ауданына гастрольдік іссапар жоспарланған.
«Адасқандар» драмасы
29 мамыр, 18:30
Қойылым желісі ислам дінін өзгеше уағыздаушылардың арбауына түсіп, теріс ағымның ықпалында кеткен Баянғали есімді жас жігіттің өмірі жайында өрбиді. Санасы уланғаны сонша, жүріс-тұрысын түбегейлі өзгерткен ол ақыл-кеңестерін айтып, алдына кес-кестеп шыққан ата-анасын да кеудеден итереді. Сондағы мақсаттары оңай жолмен мол ақшаға қол жеткізіп, жайлы өмір сүру болған. Ақыры, от пен оқтың арасына түсіп, ланкестік топтың мүшесіне айналғанын, жолынан жаңылғанын кеш түсініп, райынан қайтқанымен, өзі де әйелі де қаруластырының қолынан қаза табады.
Авторы – К. Жұмабеков, режиссері – Р. Тәжібаева.
«Оян, қазақ...Ойлан, қазақ!» драмасы
31 мамыр, 17:00.
Тәуелсіздікті арман еткен қазақтың аяулы азаматтары, Алаш партиясының көсемдері Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсыновтардың Сталин саясатын жүргізуші, елді қырғынға ұшыратқан Голощекинмен күресі баяндалды. Туған елінің тәуелсіздігін, халқының бостандығын саудалаған сатқын жауыздар да өз арамыздан шығатыны көрсетіледі.
Авторы – Ерсайын Төлеубай, режиссері – Жанат Хаджиев.