Павлодарда Сәтбаевтың портреттері көрмеде ұсынылады
Экспозицияда 76 шығармашылық жұмыс орын алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Н.Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінде академик Қ.И.Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған жалпы білім беретін, көркемсурет, өнер мектептері мен студия оқушыларының шығармашылық жұмыстарының көрмесі ұсынылды.
Аталмыш көрмеде қазақстандық ғалымның өмірі мен қызметіне арналған «Елі үшін, жері үшін» атты облыстық балалар бейнелеу шығармашылығы байқауының қорытындысы көрініс тапты. Қатысушылар академик Қ.И. Сәтбаевтың портреттерін, туған өлкесінің табиғатын, яғни Баянауылдың, қазір оның есімімен аталатын туған ауылының, туып-өскен жерінің пейзаждарын бейнеледі. Сондай-ақ, көптеген қатысушылар Қ.И. Сәтбаевтың геология саласындағы ғылыми қызметкер, өмірін өз халқына арнаған қажымас еңбеккер ретіндегі қызметін бейнелейтін сюжеттерді суреттеді. Ұсынылған жұмыстар кескіндеме, графика, аралас техника (фломастерлер, түрлі-түсті қарындаштар, гуашь) сияқты әртүрлі техникада орындалған.
Әр бала академик Қ.Сәтбаевтың ерік-жігеріне, табандылығына және ғылыми жетістіктеріне тәнті болып, оның бейнесін өз қалауынша жеткізуге тырысты. Ғалымның туған жерін бейнелейтін әрбір туынды арқылы Отанға деген сүйіспеншілікті көрсетуге талпынды.
Сонымен қатар, көрмеде Павлодар және Екібастұз қалаларының көркемсурет мектебі оқушыларының «Баянауыл палитрасы» республикалық пленэрі аясында орындалған 24 пленэрлік жұмыс та бар.
Айта кетейік, көрмеге қатысушылардың көпшілігі көркемсурет мектептері мен студияларда оқымайды, бірақ олардың барлығын Отанға деген сүйіспеншілік, әсемдік сезімі, туған елінің тарихына және оның дамуына үлес қосқан Қазақстанның танымал адамдарының қызметіне деген үлкен қызығушылық біріктіреді.