Павлодарлықтарға Сібірдің сан қырлы бейнесін ашатын көрме ұсынылады

Туындыларда гравюра тәсілдері қолданылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
26 мамыр күні сағат 16:30-де Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде Новосібір мемлекеттік көркемсурет музейінің «Сибирь многоликая. Графика» атты көрмесінің ашылуы өтеді.
Новосібір мемлекеттік көркемсурет музейі – Ресейдің ең беделді аймақтық өнер ордаларының бірі. Мұражай қорында XV-XXI ғасырларға тән орыс және шетелдік кескіндеме, графика, мүсін, сәндік-қолданбалы өнер туындыларының 14 мыңнан астам үлгісі сақталған. Бұл жинақтың ерекшелігі – Сібір өнеріне арналған топтаманың кең ауқымдылығында. Ол аймақтың бейнелеу өнерінің даму бағыттарын, сондай-ақ Ресей өнері аясында дараланып тұратын шығармашылық мектептерінің өзіндік сипатын тануға мүмкіндік береді.
«Сибирь многоликая. Графика» көрмесі – ХХ ғасырдағы Сібір авторларының баспа графикасының мұражай жинағы туралы түсінік береді. Ол аймақ өнерінің бұл бағытын мазмұны терең, көркемдік тұрғыдан айшықты құбылыс ретінде көрсетеді. Экспозицияда ұсынылған графикалық жұмыстар тақырыптық және стильдік тұрғыдан өзіндік болмысымен ерекшеленеді. Көрме арқылы суретшілердің техникалық ізденістері мен гравюра тәсілдерін шебер қолдана білгенін байқауға болады.