Павлодарлық белсенділер Усолка өзенінің жағасын қоқыстан тазартты
Облыс орталығында трансшекаралық өзендер бойынша экологиялық шара өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
50-ден астам табиғат жанашыры «Бірлік жағалауы» бастамасына үн қосты. Акция Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні, Халықаралық еріктілерді жұмылдыру жылы және республикалық «Таза Қазақстан» жобасына арналды.
Оның мақсаты – жастарды экология мәселелеріне тарту және табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру.
Еріктілер Усолка өзенінің жағалау аумағын ретке келтірді. Олар тұрмыстық қалдықтарды жинап, жағалауды тазартты.
Аймақтық еріктілер фронт-офисінің жетекшісі Тамирис Бесеенованың айтуынша, мұндай бастамалар экожүйені жақсартып қана қоймай, Ертіс өңірі тұрғындарына табиғатты қорғау мен су ресурстарын сақтау маңызын еске салады.
– Дүниежүзілік экология күні қарсаңында Қазақстан мен Ресейдің трансшекаралық өзендерін тазарту бойынша ауқымды науқанын өткіздік. Біз өмір сүріп жатқан ортада тазалық пен тәртіпті сақтау өте маңызды, – деді Тамирис Бесеенова.
Шара мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, еріктілер және жергілікті тұрғындардың басын қосты. Бірлескен әрекеттің нәтижесінде қатысушылар табиғатты қорғауға өз үлесін қосып, экологиялық жауапкершіліктің үлгісін көрсетті.
Еске салайық, Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні жыл сайын 5 маусымда атап өтіледі. Бұл күн экология мәселелеріне назар аударып, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдаланудың маңызын көрсетеді.