Павлодар облысында жұлдызқұрттарға қарсы дезинсекция оң нәтиже берді
Орманшылықтарды зиянкестердің дернәсілінен өңдеу жұмыстарының қорытындысы белгілі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Биылғы жылы облыс әкімдігі жұлдызқұрт зақымдаған ошақтарды өңдеу үшін қаржы бөлген еді. Былтыр Железин ауданында 16 мың гектар, Ертіс ауданында 72 мың гектар аумағында ағаштардан бұтақтар ғана қалған еді. Сондықтан да бірінші кезекте осы екі аймақта, зиянкестер тараған жерде дезинсекциялық шаралар өткізу туралы шешім қабылданды.
– Аталған жердің аумағы өңделді. Механикаландырылған химиялық өңдеу ҚР аумағында рұқсат етілген препараттарды, яғни жібек құртына қарсы күреске арналған жүйелі, селективті инсектицид – ДИУРОН, СК пайдалана отырып, жерүсті тәсілмен жүргізілген, – деді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бөлімінің бас маманы Альмира Жингулова.
Оның айтуынша, өңдеу тиімділігі бойынша екі сатылы бағалау берілген. Бірінші кезеңде 94% болса, 10-11 тамызда қайта тексерістің қорытындысы 81%-ды құрады. Яғни, өңдеу тиімділігі жоғары көрсеткіштерге ие болып отыр.
Биылғы жылы 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыстық орман және табиғат қорғау мекемелерінің деректеріне сәйкес орман зиянкестерінен 38 756,9 гектар алқап зардап шеккен еді. Өңдеу нәтижелерінің түпкі қорытындысы қазан айында белгілі болады.
Барлық зақымдалған учаскелерді ғылым бөлімдері мен орман қорғау мекемелерінің орман патологтары бақылауда.