Павлодарлықтарды бір күнді гаджетсіз өткізуге шақырады

Шара жазғы ECO TERRITORY бағдарламасы аясында ұйымдастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
28 маусым күні балалар-жасөспірімдер экология және туризм орталығы тұрғындарды «Цифрлық детокс: гаджетсіз қарым-қатынас» күні атты бір күндік лагерьге қатысуға шақырады.
– TOUR-маршрут – экологиялық ботаникалық кешен бойынша танымдық экскурсия. Қатысушылар жергілікті өсімдіктер мен жануарлар дүниесімен танысып, экологиялық жобалар мен табиғатты қорғау жолдары жайлы мағлұмат ала алады, – деді ұйымдастырушылар.
Табыс шыңына апаратын туристік-дайындық соқпағында шеберлік сағаты белсенді ұжыммен жұмыс істеуді үйретіп, көшбасшылық қасиеттерді дамытуға және қозғалыс белсенділігін арттыруға бағытталған.
ECO-өмір салты квесті қатысушылар тұрақты өмір сүру дағдылары, қоқысты сұрыптау және табиғатқа зиянсыз әдеттер туралы тапсырмаларды орындайтын қызықты командалық ойын.
Аталған лагерь сандық тепе-теңдікті насихаттау мен балалар мен ата-аналар үшін табиғатқа жақын, экологиялық сауатты ортаны қалыптастыруды мақсат етеді. Қатысушылар технологиялардан демалып, табиғат аясында уақыт өткізіп, бір-бірімен еркін қарым-қатынас жасауға, өзін-өзі тануға мүмкіндік алады.
Іс-шара отбасындағы және мектептегі қарым-қатынасты нығайтуға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қатысушылардың коммуникациялық дағдыларын дамытуға бағытталған.