Жүлдеге мотоцикл: Ақтоғай ауданында отыздан астам шабандоз бақ сынасты

Жүлдеге мотоцикл: Ақтоғай ауданында отыздан астам шабандоз бақ сынасты
Фото ұйымдастырушылардың рұқсатымен

Жарыстар бәйге, жаяу жүгіріс, гір көтеру, Аламан құнан, тай жарыс, қозы көтеру және тағы басқа спорт түрлерінен ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Жалаулы ауылында «Керекудің таза қолтума Алтын тай, Алтын құнан» ұлттық ат спорт түрі, қолтұқым жылқылардың бәйге жарысы өтті.

Ұлттық ат спорты бойынша жарыс ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт комитеті бекіткен қолданыстағы ережеге сәйкес өткізілді. «Аламан бәйге», «Құнан бәйге», «Тай бәйге» сағат тілінің қозғалысының қарсы бағыттағы тұйық шеңбер бойынша тегіс алаңда өтті. Жарыс алдында көрермендерге шабандоздар мен жылқылар таныстырылып, сөреге (жинақтағышқа) жиналды, – дейді ұйымдастырушылар.

Аталмыш спорттық шарада шабандоздар «Аламан бәйге» жарысы бойынша 15 шақырымды, «Құнан бәйге» бойынша 6,5 шақырымды, ал «Тай жарысы» бойынша 3 шақырымды еңсеру керек болды.

Бәйгеде жалпы саны 30 дан аса қолтұқым сәйгүліктері бақ сынасты. Облыстық «Алтын құнан, Алтын тай» бәйгесінің ауыспалы кубогі келесі жарыстарды өткізу үшін Баянауыл ауданының ат спорты өкілдеріне табысталды. «Аударыспақ» бойынша 1-ші орынды Жалаулы ерлер командасы жеңіп алды. «Тай байге» бойынша Сейітбаттал Әлдікенов 1-ші орынды иеленіп, су жаңа мотоциклдің иегері атанды. «Аламан бәйге» бойынша Май ауданы алтын мен қоланы, ал Баянауыл ауданы күміс жүлдені олжасына еншіледі, – делінген хабарламада.

Жарыстарға тек тиісті дайындықтан өткен және атты басқару дағдыларын жақсы меңгерген, денсаулығы жарамды, медициналық анықтамамен куәландырылған спортшылар қатысты.

Жүлдегерлер мен жеңімпаздар демеушілер есебінен құнды сыйлықтармен және аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің кубоктарымен марапатталады.