Павлодарлық дәрігерлер полиомиелиттен вакцина алудың қажеттілігін түсіндірді
Бұл –мүгедектікке әкелетін қауіпті вирустық ауру, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Полиомиелит – жүйке жүйесін, жұлынды зақымдап, сал ауруына әкелетін жіті жұқпалы ауру. Вирус барлық бұлшықеттерге жаман әсер етеді. Көбінесе аяқ-қолдар зардап шегеді. Аталған дертке шалдыққан адам омыртқа мен аяқ-қолдың деформациясынан өмір бойы мүгедек болып қалуы мүмкін.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің айтуынша, полиомиелит эпидемиясынан өлім-жітімі 5-тен 25 пайызға дейін жетеді. Бұл негізінен тыныс алу бұлшықеттерінің салдануы мен тыныс алудың бұзылуынан болады.
Полиомиелит – вирустық ауру. Одан көбінесе вакцина алмаған балалар зардап шегеді.
– 2002 жылы Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан әлемнің 51 елі арасында аумақтың полиомиелиттен таза екенін растады. Бұған балаларды вакцинациялау арқылы ғана қол жеткізілді. Бірақ бұл вирус Нигерия мен Пәкістанда дамуын жалғастыруда. Демек, бұл дерттің елімізге ену қаупі әлі де бар. Полиомиелитке қарсы арнайы ем жоқ, сондықтан біз балаларымызға вакцинациялауды жалғастыруымыз керек, – деді ведомствода.
Ұлттық күнтізбеге сәйкес, алғашқы үш екпе екі айлық балаларға, содан кейін үш және төрт айға дейін жасалады. 12 (бір жас) және 18 айда (1,5 жаста) қайтадан вакцинациялау қажет.
Вакциналау екі жолмен жүзеге асырылады – аузына тамшы және инъекция түрінде. Барлық әдістер сертификатталған және қауіпсіз болып саналады.