Павлодарлық еріктілер балықшыларды мұзға шықпауға шақырады
Олар құтқарушылармен бірлесіп, рейд жүргізуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Көктемнің келуімен «VITA» еріктілер жасағы қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлерімен бірге Ертістің жағалауына шығып, әуесқой балықшыларға мұздағы қауіпсіздік шараларын түсіндіруде.
– Біз қазіргі кезде мұзда болудың қауіпті екенін айтамыз. Олармен адам суға батып кеткен жағдайда құтқару шаралары туралы ақпаратпен бөлісеміз, – деді еріктілер.
Жылы күндер басталуымен су айдындарында мұз күрт ери бастады, сондықтан да бұл балық аулау ұнататындар үшін өте қауіпті болуы мүмкін.
– Қала мен аудан тұрғындарынан осы кезеңде мұзға шығудан бас тартуды сұраймыз, әсіресе балалармен бармаған дұрыс! – деп жазды еріктілер.
Еске сала кетейік, 22 наурызда Екібастұз қаласының ГРЭС-2 ауданында, «Шандықсор» жасанды су айдынында балық аулауға шықпақ болған екі ер адам көлікпен мұз астына түсіп, батып кеткен болатын.
Фото: «VITA» еріктілер жасағы ұсынды