Баянауыл ұлттық паркінде автоматтандырылған шлагбаум іске қосылды
Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағына кіреберістегі бақылау-өткізу бекеттерінде автоматтандырылған шлагбаум жұмысын бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мәліметінше, енді парк аумағына кіру үшін төлем тек QR-код арқылы қабылданады. Бақылау-өткізу бекеттерінде қолма-қол ақша мен банк карталары арқылы төлем жасау мүмкіндігі қарастырылмаған.
Төлемді Kaspi QR немесе Halyk QR арқылы бақылау-өткізу бекетінде, сондай-ақ Kaspi.kz қосымшасы арқылы алдын ала төлеуге болады.
Бекетте төлем жасау үшін жүргізушілер алдымен құпиясөзсіз жұмыс істейтін Starlink Wi-Fi желісіне қосылып, кейін Kaspi немесе Halyk QR-кодын сканерлеуі қажет. Одан соң көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін өңір кодымен бірге дұрыс енгізіп, төлемді растағаннан кейін шлагбаум автоматты түрде ашылады.
Парк әкімшілігі келушілерге уақыт үнемдеу үшін кіру ақысын алдын ала төлеуді ұсынады. Ол үшін Kaspi.kz қосымшасындағы «Төлемдер» бөліміне кіріп, іздеу жолағына «Баянаульский национальный парк. Для Авто» деп жазып, көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін енгізіп, төлемді растау жеткілікті.
Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің әкімшілігі жаңа жүйе келушілерге қолайлы жағдай жасап, бақылау-өткізу бекеттеріндегі қызмет көрсету уақытын қысқартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.