FlyArystan Павлодарға рейсті уақытша тоқтатты
Бұған Павлодар әуежайында әуе кемесін мұздануға қарсы өңдеу жасаудың мүмкіндігінің болмауы себеп болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
20 қазанда Алматыдан Павлодарға бағыт алған FS-7131 рейсі Алматы әуежайына қайтып оралды. Кері бағыттағы FS-7132 рейсі тоқтатылды.
Ұшу барысында Павлодардағы ауа райы нашарлап, жауын-шашын болды. Мұндай жағдайда әуе кемесі ұшар алдында міндетті түрде мұздануға қарсы өңдеуден өтуі қажет. Ал бұл өңдеу Павлодар әуежайында жасалмайды .
FlyArystan әуе компаниясы мамандарының айтуынша, жауын-шашын кезінде және ауа температурасы нөл градусқа жуық болғанда әуе кемесінің бетінде мұз, қырау немесе қар пайда болуы мүмкін. Бұл қанаттың аэродинамикалық қасиеттеріне кері әсер етеді.
– Мұздануға қарсы арнайы сұйықтық әуе кемесінің бетіндегі мұзды, қырауды және қарды кетіріп, олардың қайта пайда болуының алдын алады. Ұшу қауіпсіздігі талаптарына сәйкес, мұндай ауа райы жағдайында тиісті өңдеуден өтпей ұшуға жол берілмейді, – делінген хабарламада.
Компания билет алып, алайда діттеген жеріне жете алмай қалған жолаушыларға бос орындар болған жағдайда билетін ең жақын рейске бір рет тегін қайта рәсімдей алатынын немесе билет құны толық қайтарылатынын атап өтті.
– FlyArystan мобильді қосымшасы немесе flyarystan.com сайты арқылы сатып алынған билеттерді «Менің сапарларым» / «Брондау және брондауды өзгерту» бөлімінде өз бетінше қайта рәсімдеуге немесе қайтаруға болады, – деп толықтырды мамандар.
Рейстердің қайта басталуы туралы алдағы уақытта қосымша хабарланады.