Павлодарлық конькишілер жасөспірімдердің әлемдік жарысынан алғаш рет медаль алды

Павлодарлық конькишілер жасөспірімдердің әлемдік жарысынан алғаш рет медаль алды

Павлодарлық конькиші қыздар қоржынға үш медаль салды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарлық Арина Ильященко мен Алена Лифатова Германияның Инцелль қаласында өткен коньки жарысынан Әлем кубогы мен Әлем чемпионатынан жүлделі оралды. 

Әлем кубогында қыздар қазақстандық Алина Даурановамен бірге ел намысын қорғап, командалық спринтте қола медаль еншіледі. 

Жекелей жарыста Арина Ильященко 1500 метрге конькимен жүгіруде қола медаль иегері атанды. 

Ал, Әлем чемпионатында дәл осы құрамда комнадалық спринтте қыздарымыз күміс медальге қол жеткізген. 

- Екі жарыстың арасы жақын болғандықтан, жинақталуымыз қиын болды. Өйткені, өзіме жоғары талап қойып едім. Осы уақытқа дейінгі өз көрсеткіштерімді жақсартқым келді. Бірақ медаль алам деп ойламадым. Әлемдік жарыстарда  үнемі үлкен жауапкершілік артылады. Бапкерлеріңді, саған сенген жақындарыңды жерге қаратқың келмейді, - деді Арина Ильященко.

Павлодарлық конькишілердің бапкері Людмила Прокашева дайындық кездерінде қиындықтар бар екенін атап өтті. 

- Өйткені бізде дайындалатын орын жоқ. Мұз үстіндегі барлық дайындық Астанадағы «Алау» мұз сарайында өтеді. Жаздағы дайындықтарды осында жасаймыз.Дегенмен спотшылар жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Мен өзім мұндай нәтиже күтпегенмін, - деді Людмила Прокашева.

Бапкердің айтуынша, бұл - Павлодар облысы конькишілерінің жасөспірімдер арасындағы әлемдік жарыстарда алған алғашқы медальдары. Бұған дейін тек ересектер арасындағы әлем біріншіліктерінен медальдар алған. 

Арина өткен жылы Әлем кубогына алғаш рет қатысқан. Ал, Алена әлемдік деңгейдегі жарыстарға биыл бірінші рет қатысып отыр. 

- Естен кетпес әсердемін. Орын алу - үлкен жетістік. Басқа елде жарыс басқаша өтеді. Спортшылар да басқа. Соларға қарап бой түзеуге болады. Бәсекелестік Қазақстанда да бар. Күн сайын дайындалып, медаль алуға тырыстық, - дейді Алена Лифатова.

Айта кетейік, 19 жастағы Арина Ильященко мен 18 жастағы Алена Лифатова Марғұлан университеті М.Қанапиянов атындағы жоғарғы колледжінде оқиды. 

Спортшылар алдағы уақытта өтетін Қазақстанның 4-ші жастар ойынына дайындалуда.