Павлодарлық кәсіпкерлер қайтарымсыз грант ұта алады

Павлодарлық кәсіпкерлер қайтарымсыз грант ұта алады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қаржылай көмек ісін жаңа бастап, дамытып жатқандарға беріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 20 мамырдан бастап Business.enbek.kz порталында 1-лек бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар алуға өтінімдер қабылдау басталады.

Гранттың көлемі 400 айлық есептік көрсеткішті (1 476 800 теңгені) құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.

Өтінім беру үшін қажет:

  • порталда тіркелу;
  • грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;
  • бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;
  • өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.

Жаңа бизнес-идеяны іске асыруға грант алуға тіркелген жұмыссыздар және тіркеу мерзімі 3 жылға дейінгі жеке кәсіпкерлер үміткер бола алады.

Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:

  • мүгедектігі бар адамдар;
  • қолданыстағы «кандас» мәртебесі бар адамдар;
  • өңіраралық қоныс аударушылар;
  • аз қамтылған отбасы мүшелері;
  • көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы / зайыбы);
  • мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);
  • асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.

– Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс, – деп ескертеді басқармада.

Грантты қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малдарды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады. 

Гранттарды Еңбек мобильділігі орталығы грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.