Екібастұзда тұрғындардың сайлау сауаттылығын арттыруға арналған шаралар өтті
Кеншілер шаһарында тұрғындардың сайлау құқығы туралы білімін арттырып, азаматтық белсенділігін күшейтуге бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жобаны «KAISAR-KZ» қоғамдық бірлестігі Екібастұз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша жүзеге асырды.
Жоба аясында сайлау жасындағы азаматтарға арналған 30 семинар-тренинг өтті. Қатысушылар сайлау құқығы, сайлау процесінің тәртібі, оның қатысушыларының құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат алды. Сонымен қатар, азаматтардың қоғамдық өмірге араласуы мен сайлауға қатысудың маңызы талқыланды.
Бұдан бөлек, қоғамдық пікір көшбасшылары мен түрлі әлеуметтік топтардың өкілдері қатысқан 30 дөңгелек үстел және тұрғындармен кездесу ұйымдастырылды.
Кездесулерде сайлау мәдениеті, азаматтық жауапкершілік және тұрғындардың қоғамдық өмірге қатысуы жөнінде пікір алмасу өтті. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, сайлау процесіне қатысты ақпарат алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер тұрғындардың сайлау туралы білімін толықтырып қана қоймай, қоғамдағы ашық пікір алмасуға мүмкіндік береді.
Жоба аясындағы іс-шаралар Екібастұз тұрғындарының сайлау процесіне қатысты сауатын арттырып, азаматтық белсенділігін дамытуға бағытталған.
Мақала авторы: «KAISAR-KZ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Букаева.
Серіктестік материалы.