Көктемде Павлодар облысының сарбаздары қай әскери құрылымдарда борышын өтейді?

Көктемде Павлодар облысының сарбаздары қай әскери құрылымдарда борышын өтейді?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Әскерге шақырылушылар саны жылдан-жылға өсуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Биыл 1300 азамат әскер қатарына қосылады деп жоспарлануда. Әскерге шақыру науқаны көктемде наурыз айынан 30 маусымға дейін, ал күзде 1 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін өткізіледі. Бұл туралы Павлодар облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Бекзат Оразов мәлім етті.

– Былтыр 1226 адамды шақырғанбыз. Шақырылушылар саны өсуде. Біздің сарбаздар барлық әскери құрылымдарды толықтырады: шекара қызметі, Қарулы Күштер, Ұлттық ұлан, Төтенше жағдайлар министрлігі, – деді Бекзат Оразов.

Оның сөзінше, әуежайдың артқы жағында әуе қорғанысының бөлімшесі бар. Биыл сол бөлімше шұғыл қызмет сарбаздарын қабылдайды. Казарма жабдықталуда. Ол жерде басқа өңірлерден келетін азаматтар борышын өтейді. Ал біздің облыс сарбаздары басқа өңірлерге жіберіледі.

– Павлодарлықтар Жамбыл, Алматы облыстарына, Шымкентке және ең жақын орналасатын Семей мен Қарағанды қалаларына жіберіледі. Мысалы, былтыр  әуе қорғаныс күштеріне 23 азамат жіберілсе, 30 адам әуе шабуылына қарсы қорғанысқа, ал әскери-теңіз күштеріне 32 сарбаз жіберілді, – деп атап өтті Бекзат Оразов.

Мерзімді әскери қызметке 18 жастан 27 жасқа дейінгі жігіттер шақырылады. Егер азамат оқып жатса, денсаулығы бойынша өтпей, отбасылық жағдайы болса ғана әскерден босатылады.

Әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтар шақыру қағазы немесе СМС хабарландыру бойынша жергілікті әскери басқару органдарының шақыру комиссияларына келулері керек. 

Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және өткізу үшін «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 28-бабында анықталғандай құрамында жергілікті атқару органдарының шешімі бойынша шақыру комиссиясы құрылады.