Павлодарлық кәсіпкерлер Астанада көкөністерін сата алады
Облыстық кәсіпкерлер палатасында агроөнеркәсіптік кешені салалық кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оған «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы азық-түлік қауіпсіздігі департаменті директорының орынбасары Аңсар Амангелдинов қатысып, корпорация бизнеске азық-түлік тауарларын сатып алу үшін тиімді қарыздар беруге дайын екенін айтты.
Аталмыш корпорацияның міндеті – Астана қаласында азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру. Оның ішіне ұн, қарақұмық, күріш, қант және басқалары, көкөністерден картоп, пияз, қырыққабат және сәбіз кіреді.
– Біздің қоғам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді, Павлодар өңірінің кәсіпкерлерін ынтымақтастыққа шақырады. Біз қарыз сомасының қайтарымдылығын қамтамасыз ету шартымен, яғни кепілмен қамтамасыз ету тиімді шарттарымен жылдық 0,01 пайызбен қарыз беруге дайынбыз. Қарыз сомасы кепілге байланысты болады, – деді Аңсар Амангелдинов.
Оның айтуынша, қарыз алу үшін павлодарлық кәсіпкерлер Астана әкімдігіне өтініш бере алады. Ол әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан талдау және тексеру арқылы өтеді. Кейін әкімдік оны «Атамекен» палатасының өкілдері, қоғамдық белсенділер, мәслихат депутаттары кіретін комиссияның қарауына шығарады.
Оң нәтиже «Astana» корпорациясына өтінім берілген қарыз сомасына хаттама түрінде түседі. ӘКК осы бизнес субъектісімен қарыз, кепіл шарттарын жасасады және оған ақшаны бірден аударады.
– Біздің корпорация бұл мақсатта 2017 жылдан бері шамамен 14 миллиард теңге бөлді. Бүгінгі таңда он миллиард айналым ақшасы бар. Яғни, біз бұл «механизм» жұмыс істеп тұрғанын көріп отырмыз және бұл кәсіпкерлерге де қызықты, – дейді Аңсар Амангелдинов.
Оның айтуынша, кәсіпкер үшін бұл ыңғайлы, өйткені мысалы, қыркүйектен сәуірге дейін белгілі бір көлем нақты сатылатынын біледі.