Павлодарда дүкеннен тауық-гриль мен салат алған алты адам уланып қалды

Павлодарда дүкеннен тауық-гриль мен салат алған алты адам уланып қалды

Дүкенге қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жіберілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлады. 

Маусымның басында алты ересек адам бір дүкеннен тауық-гриль, картоп, тұздық, салат, торттар сатып алып, уланып қалған, – дейді департаментте. – Тексеріс барысында сауда объектінде бірқатар бұзушылықтар анықталды: тауарды таңбаладағы сәйкессіздік, бактерицидтік шамның болмауы, сауда жабдықтарын уақтылы тазаламау  және тағы басқалар.

Аталған сауда объектіге тиісті хаттама толтырылып, материалдар сотқа берілді. Қазіргі уақытта іс қаралып жатыр.

Жалпы аймақта жыл басынан бері жіті ішек инфекцияларының 176 жағдайы тіркелді. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 20 жағдайға өсіп отыр. Сальмонеллездің 66 жағдайы тіркелген.

Жіті ішек инфекцияларының негізгі белгілері – температура, қалтырау, асқазан аймағындағы ауырсыну, жүрек айну, құсу, бірнеше реттік сұйық нәжіс. Егер сізде жоғарыда айтылған белгілер байқалса, онда өз-өзіңізді емдемеңіз, дереу дәрігермен кеңесу керек, – деп ескереді департаментте. 

Айта кетейік, жіті ішек инфекциялары – ас қорыту бұзылыстары мен сусыздану белгілерімен көрінетін әртүрлі микроорганизмдер (бактериялар, вирустар) тудыратын жұқпалы аурулар тобы.