Павлодарлық мергендер болашағына алаңдаулы
«Батыр» стадионының (бұрынғы «Металлург») орнына басқа нысанның салынуы садақ атушыларды базасыз қалдыруы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Стадион орнында көркем гимнастика орталығын салу жоспарлануда. Павлодарлық футбол жанкүйерлері бұл құрылымның қолайлы орналасуын ескере отырып, ескі аренаны заманауи стадионға айналдыруды армандады.
Алайда бұл мәселеге облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығы жыл соңында нүкте қойды. Спорт басқармасы өкілдерінің айтуынша, «Батыр» маңында толыққанды футбол аренасын салуға қажет көлік тұрағы сыятындай орын жоқ.
Футбол сүйер қауымнан бөлек, бұл жаңалық садақшыларды да қуантпағаны анық. Жаттықтырушы Татьяна Пактың айтуынша, спортшылар тағдырына алаңдаулы.
– Жалпы облыстағы садақ атудың жағдайы көңіл көншітерлік. Бір алаңдайтыны, өз тиріміз жоқ, біз «Батыр» стадионында жаттығамыз. Бірақ сол жерде гимнастика сарайын салады. Тир сырылып тасталады – соған уайымдап жүрміз, - дейді Татьяна Пак.
2024 жылы Татьяна Пактың тәрбиеленушілері жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Садақ атудан төрт шәкірті спорт шебері нормативін орындаса, үшеуі Қазақстан чемпионы атанды, күміс пен қола да бар. Енді бір павлодарлық халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады.
Естеріңізге сала кетейік, екі қабатты көркем гимнастика орталығы оқу-жаттығу үдерісімен қатар халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Орталықта бассейн, асханасы бар буфет болады. Екінші қабатта хореография бөлмелері, мәжіліс залы және көрермендерге арналған мінберлер орналасады.