Павлодарлық баскетболшы қыздар күміс жүлде үшін тартысқа түсті
«Ertis» ойыншыларының Ұлттық лига чемпионатында төрт ойыны қалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жолы Павлодар Көкшетауда «Оқжетпес» командасымен ойнады. Қарсыластары екінші орында. Бірінші матч алаң иелерінің пайдасына, 64:53 есебімен аяқталды.
Бірақ екінші матчта Павлодар тез арада ойын тізгінін қолға алып, алға шықты. Бірінші ширек 17:13 есебімен «Ertis» пайдасына аяқталды, әрі қарай павлодарлықтардың басымдығы өсе берді. Ойын барысында біздің қыздар басымдығын арттырды. Жаңадан келген латвиялық Кэтрин Транкале 28 ұпаймен көш бастады.
Қорытынды есеп 90:69 болды. Осылайша, «Ertis» турнир кестесінде «Оқжетпесті» қуып жетіп, 32 ұпай жинады.
Константин Егоровтың командасында төрт ойын қалды: 14-15 наурызда олар аутсайдер «Каспийге» қарсы Павлодарда ойнаса, 21-22 наурызда және лига көшбасшысы Астананың «Tigers» командасына қарсы сырт алаңда ойнайды.