Павлодарлық музыка мектебіне – 80 жыл
Мектеп мерейтойын үлкен мерекелік концертпен атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебі облыстағы музыкалық ортаны құру мен музыкалық білім беруді дамытуда маңызы зор.
– 80 жыл ішінде мектепті 4 мыңнан астам түлек бітірді, олардың 700-ден астамы Қазақстанның әртүрлі қалаларында, шетелдерде музыка өнеріне қызмет етуді жалғастыратын кәсіби музыканттар болды, – дейді мектеп басшысы Ольга Бобровская.
Қазіргі таңда мектепте 6-17 жас аралығындағы 1000 оқушы білім алуда. Оқыту 18 мамандық бойынша жеті бөлімшеде жүргізіледі. Қаланың үздік алаңдарында өнер көрсететін шығармашылық ұжымдар, хорлар, вокалдық ансамбльдер құрылды.
– Біздің барлық білім алушыларымыз кәсіби музыкант бола бермейді, бірақ оқудың арқасында олар жақсы талғам мен жоғары өнерді түсіну мүмкіндігіне ие болатынына күмән жоқ, – дейді Ольга Леонидовна.
Бүгінгі таңда Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебінде музыкалық білім берудің заманауи үлгілері жүзеге асырылып, педагогтар мен оқушылардың алғашқы буындары салған дәстүрлер өмір сүріп, жалғасын табуда. Мектеп білім беру сапасының жоғары стандарттарына ұмтыла отырып, кәсіптік дағдыларды оқыту мен жетілдірудің жаңа көкжиектерін аша отырып, табысты және жемісті дамуда.
Мектепті мерейтойымен құттықтауға Павлодар қаласы әкімдігі, білім беру басқармасы, білім беру бөлімі мен кәсіподақ ұйымының өкілдері келді.
Мерейтойлық концертті педагог Владислав Галактионов пен мектеп түлегі Полина Петрованың дуэті ашты.
Қуаныш Ермекбаев пен Нұрлан Қайшановтың жетекшілігімен Құрманғазының «Адай» шығармасымен қазақ халық аспаптар оркестрі өнер көрсетті. Бұл шығарма босқа таңдалған жоқ. Себебі – осы күйдің авторының есімі мектепке берілген.
Даярлық сынып оқушылары концертті А. Пряжниковтың сөзі мен музыкасына жазылған «Три кита» әнімен жалғастырды. Кейін мектептің хоры және вокалдық ансамбльдері Роза Рымбаеваның репертуарындағы «Қазақ елі» әнін орындады.