Павлодарлық «Нұр» жаңа маусымды түрлі халықтың биімен бастады

Павлодарлық «Нұр» жаңа маусымды түрлі халықтың биімен бастады
Фото: Филармониядан

«Достық нұры» концерттік бағдарламасы ұлттық дәстүрлерді, жарқын сахналық бейнелер мен хореографиялық шеберлікті тоғыстырған алаңға айналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы өзінің 85 жылдық мерейтойы қарсаңында көрермендерге жаңа қойылымдарын ұсынып келеді. Бұл жолы павлодарлықтарға шығармашылық тарту жасаған – өңірдегі ең ірі кәсіби хореографиялық ұжымдардың бірі «Нұр» би ансамблі.

«Достық нұры» атты концерттік бағдарлама түрлі халықтардың мәдениетімен таныстыратын ерекше саяхатқа айналды. Бір сахнада қазақ, өзбек, орыс, башқұрт, татар, тәжік, қалмақ, фин, словак және басқа да халықтардың билері орындалды. Әр нөмір ұлттық нақышымен, өзіндік қимыл-қозғалыс мәнерімен және жарқын костюмдерімен ерекшеленді.

Ансамбльдің көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасының мәдениет үздігі Айгүл Дайырбаева концерттің шығармашылық ұжым үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

– Біз үшін бұл – екі есе маңызды оқиға. Филармонияның 85 жылдығы аталып өтетін жылы би маусымын ашып отырмыз. Екі ай бойы дайындалғаннан кейін әртістер үшін бір арнаға тоғысып, ортақ ырғақты сезініп, жаңа жұмыс маусымына жақсы көңіл күймен кірісу маңызды. Мұндай бағдарлама ұжымға зор күш-қуат береді, – деді ол.

Көрермендерге «Шат көңіл» және «Қаражорға» атты қазақ билері, «Ертістің бұралаңдары» атты орыс биі, «Өзбек палауы» және басқа да қойылымдар ұсынылды. Жеке орындаулар дуэттермен, триолармен және көпшілік қатысатын би композицияларымен алмасты. Әртістерге күрделі би техникасын көрсетіп қана қоймай, санаулы минут ішінде жаңа сахналық бейнеге енуге тура келді.

Айгүл Дайырбаеваның айтуынша, халық биін орындау үшін әр ұлттың мәдени ерекшеліктерін терең түсіну қажет. Өйткені әр халықтың өзіне тән ырғағы, мінезі мен қимыл тілі бар.

– Халық биін орындайтын ұжымдар көп емес. Сондықтан біз үшін оның сан алуандығын көрсету маңызды. Халық биі – хореографиялық өнердің негізі, этнографиялық және фольклорлық дәстүрлермен байланыстыратын алтын арқау. Би арқылы көрермен түрлі халықтардың мәдениетімен танысады, ал жастар ұлттық мұраның жаңа қырларын ашады, – деп атап өтті көркемдік жетекші.

Бағдарламада жеке және жұптық билерге де ерекше көңіл бөлінген. Ксения Бровко-Олгун орындаған «Моңғол мүсіншесі» биін көрермендер жылы қабылдады. Көңілді «Татарочка» биін Наталья Валова, Даниил Колесников және Филипп Валов орындады. Ал Аян Әби мен Мадина Амамбаева билеген «Аяқпен орындалатын эстон полькасы» көрермендердің ұзақ қошеметіне бөленді.

Жасұлан Әмірханның орындауындағы «Өзбек палауы» мен Қуаныш Қуванов және Наталья Валова билеген қызу ырғақты «Фин полькасы» да кештің жарқын сәттерінің біріне айналды.

Филармония өкілдерінің түсіндіруінше, түрлі халықтардың би мектептерін меңгеру әртістердің орындаушылық техникасын жетілдіріп, төзімділігі мен актерлік шеберлігін дамытуға ықпал етеді. Әсіресе әр орындаушының жеке қабілеті мен ерекшелігін ашуға мүмкіндік беретін жеке билерге айрықша көңіл бөлінеді.

Наталья Валова үшін бұл концерт үлкен сахнаға көптен күткен оралуымен де ерекше болды. Қызы Аннаны дүниеге әкелгеннен кейін әртіс біраз уақыт өнер көрсетуден үзіліс алған. Енді ол қайтадан жұбайы Филипппен және ансамбльдегі әріптестерімен бірге сахнаға шықты.

Кештің соңында көрермендерді тебіренткен ерекше сәт болды. Ата-анасының өнерін көрермендер залынан тамашалаған бір жарым жастағы Анна концерт аяқталған соң сахнаға қарай жүгіріп, әке-шешесіне асықты. Филармония өкілдерінің айтуынша, әртістердің балалары репетицияларға жиі қатысып, өнер ұжымының шығармашылық өмірімен ерте жастан танысады. Бәлкім, осындай сәттер олардың болашақта өнерге қызығушылығын оятатын алғашқы қадам болар.

Кештің тағы бір сыйы – филармония фойесінде ұйымдастырылған ансамбльдің мұрағаттық фотосуреттер көрмесі болды. Экспозиция келушілерді ұжымның тарихымен, шығармашылық жетістіктерімен және шетелдік гастрольдерімен таныстырды.