Көрме мен концерт, тегін портрет: Павлодар облысында 1 мамыр қалай аталып өтеді

Көрме мен концерт, тегін портрет: Павлодар облысында 1 мамыр қалай аталып өтеді

Қазақстан халқының бірлігі күнінде өңірде 320-дан астам іс-шара ұйымдастырылатын болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан мәлім етті.

– Мереке күні облыс орталығы Естай атындағы мәдениет сарайының алаңында  сағат 11.00-де «Бірлігіміз жарасқан» атты көпшілік думан басталады, – дейді Медет Тауасқан. – Арнайы шақырылған эстрада жұлдызы  Алина Герц өнер көрсетеді. 

Оның айтуынша, павлодарлықтар мерекеге орай арнайы  көрмелер, мерекелік концерттер, спектакльдерді көре алады.

Г.Н.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер, Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейлерінде ұйымдастырылатын сурет, ұлттық киім көрмелері жұмыс істейді. Г.Н.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Достық әлемі!» атты балалар көркемсурет мектебімен «Әртүрліліктегі бірлік» ұлттық киім көрмесі ұйымдастырылады, – дейді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, «Шаңырақ» орталығы мен филармония концерттік залында өтетін мерекелік концерт, Ж. Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театры мен А.Чехов атындағы драм театрында өтетін спектакльдерді тамашалай алады. 

Мерекелік шарада қала тұрғындары мен қонақтары үшін арнайы 5 алаң ұйымдастыру жоспарланған. Олар  Естай атындағы мәдениет сарайының алаңында орналасатын болады.

Балалар алаңы. Алаң «Домбыра party» форматында өтеді. Бағдарламаға  «Шаңырақ» орталығының Майра мектебі, «Шалқыма» және «Тоғыз перне» үйірмелерінің шәкірттері қатысады. Іс-шара барысында «Күй тартыс», «Шертпе» және «Төкпе» орындалады.

Шығармашылық алаң. Бұл арнайы ұйымдастырылған кеңістік: үстелдермен, орындықтармен, қажетті материалдармен жабдықталған стилобат аумағындағы көлеңкелі орын. Павлодарлық суретшілер Отанға деген сүйіспеншілік тақырыбында көрмесін өткізеді. Төрт суретші қала тұрғындарының портреттерін ақысыз негізде жасайды.

Жас ақындар алаңы. Бұқара халық арасында жас ақындардың шығармашылығын насихаттау, қолына қалам ұстап жүрген жастардың ел арасында танымалдығын арттыру мақсатында аталмыш алаң жұмысын жүргізеді. Шараға 18-35 жас аралығындағы жас ақындар қатысады. Олар өз шығармашылығынан аталған тақырып негізінде өлеңдер оқиды. 

«Тілдік GLAMPING». Мұнда қазақ тілін оқуға арналған соңғы ғылыми әдебиет пен әдістемелік нұсқаулықтар облыс тұрғындарына таныстырылады. 

Жастар алаңы. Қазақстан Халқы Ассамблеясының өкілдері этностардың ұлттық ойындарымен таныстырады. Ойынға қатысқан қонақтар ынталандыру сыйлықтарға ие болады.

Бұл алаңдар сағат 11:00-ден бастап 13:00-ге дейін жұмыс істейді.

Сондай-ақ, Екібастұз қаласында «Өнер» қалалық мәдениет сарайының алаңында «Қазақстан – бар ұлысқа шаңырақ» атты және Ақсу қаласының мәдениет және демалыс саябағында «Бірлік – бақыттың бастауы» атты көпшілік думан өткізіледі.

Фото: ашық дереккөздерден