Павлодарлық психолог ата-аналарды мейірімді болуға шақырды
Бүгінде ата-аналар балаларын жанашырлық пен мейірімділікке тәрбиелеуді қойған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Тәрбие алаңы» жобалық кеңсесінің психологы Ирина Карпова бірінші облыстық ата-аналар форумында жасөспірімдер ортасындағы буллинг мәселесіне егжей-тегжейлі талдау жасады.
– Қазіргі таңда ата-аналардың басты проблемасы – балаларды жанашырлық пен мейірімділікке үйретпейтіндігінде. Біз баланың бойына ізгі қасиеттерді қалыптастыруды тоқтаттық. Бүгінгі қоғамда көптеген адамдар кейде өзімшілдікпен өз мүдделерін бірінші орынға қояды. Біз қазір барлық жерде патриотизм туралы айтып отырамыз. Бірақ оның басты мәні – ортақ іс үшін өз мүдделеріңмен әрекет ету, – деп түсіндірді Ирина Карпова.
Оның пікірінше, ата-аналар мен мұғалімдер бұл әлемге деген көзқарасын өзгерткеннен кейін ғана балалар мен жасөспірімдер де өзгеріп, айналасына мейірімді болады.
Павлодар қаласындағы №35 ЖОББМ қамқоршылық кеңесінің төрағасы Данара Шоқаева да әріптесінің бұл пікірін қолдап, ата-аналар психологтардың жұмысына кедергі келтірмеуі тиіс екенін атап өтті.
– Кейде мектепте ата-аналардың психологиялық диагностикадан бас тартатын жағдайлармен бетпе-бет келеміз. Бірақ психологтар дәрігер тәрізді. Сіз баланы ауырған кезде емханаға апарасыз ба? Мектепте де баланың мінез–құлқында қандай да бір ауытқушылықтар болған жағдайда оны психолог тексеруі керек, – деді Данара Шоқаева.
Сонымен қатар, психологиялық диагностика мінез-құлықтың себебін анықтап қана қоймай, болашақта жағымсыз жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.
– Қазіргі қоғамда қандай да бір жанжалға қатысты оқиғалар болған жағдайда педагогикалық ұжым айыпты болады. Адамдар балаларын тәрбиелеу процесін мектепке жүктеп қояды, – дейді №35 ЖОББМ қамқоршылық кеңесінің төрағасы.
Сондай-ақ Данара Шоқаева болашақ облыстық ата-аналар альянсы мектеп пен отбасы арасындағы қарым-қатынасты реттеуге көмектеседі деген сенімде.