Павлодар облысында ZEREK-2 жүйесі мыңнан астам жылдамдық асырғандарды анықтады

Жүргізушілерге жалпы сомасы он миллион теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жол-көлік оқиғаларының санын азайту және жүргізушілердің тәртібін арттыру мақсатында өткен жылдан бастап Павлодар қаласының шекарасынан Ресей Федерациясы шекарасына дейінгі «Павлодар-Омбы», сондай-ақ Павлодар қаласының шекарасынан Семей қаласының шекарасына дейінгі «Павлодар-Қалбатау» трассаларында ZEREK-2 жүйесінің сертификатталған аппараттық-бағдарламалық кешені жұмыс істеп тұр.
– Бұл кешен көлік құралдарының қозғалыс жылдамдығын автоматты режимде өлшеуге, құқық бұзушылықтарды тіркеуге және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін тануға арналған. Бұдан әрі ақпарат Бас прокуратураның әкімшілік іс жүргізулерінің бірыңғай тізіліміне беріледі, онда айыппұл төлеу қажеттілігі туралы нұсқама электрондық тәсілмен тіркеледі, – деп хабарлады облыстық Полиция департаменті.
Жыл басынан бері ZEREK-2 жүйесі жылдамдық режимін бұзғандарға жалпы сомасы 10 миллион теңгеден астам айыппұл салды.
Мысалы, Қалқаман кенті маңындағы «Астана-Павлодар» автожолында «Hyundai Palisade» көлігінің жүргізушісі белгіленген жылдамдық режимін бұзды. ZEREK-2 жүйесі сағатына 180 шақырым жылдамдықпен қозғалған көлікті тіркеп, жүргізушіге белгіленген шектен асып кеткені үшін айыппұл төлеу туралы нұсқама жіберілді.