Павлодарлық спортшылар ел чемпионатында жүлделі орындарға ие болды

Павлодарлық спортшылар ел чемпионатында жүлделі орындарға ие болды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Алматыда өткен жарыста спортшылар қалалық бағыттар бойынша сынға түсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, Алматы қаласында спорттық бағдарлаудан Қазақстан Республикасының чемпионаты және жүгіру арқылы спорттық бағдарлаудан «ALMATY OPEN 2026» ашық халықаралық турнирі өтті.

Жарыс қалалық қашықтықтарда ұйымдастырылды. Қатысушылар Алматы көшелерімен, тұрғын үйлер мен аулалар аумағында белгіленген бағыттар бойынша бағдарланды. Мұндай жарыстар спортшылардан дене төзімділігі мен жылдамдықтан бөлек, зейінділік пен жедел шешім қабылдауды талап етеді.

Өңірдің құрама командасы сапында Балалар-жасөспірімдер экология және туризм орталығының тәрбиеленушілері де өнер көрсетті.

Қазақстан чемпионатында Гектор Никитин М12 жас санатында бірінші орын алып, жарыс күндерінің қорытындысы бойынша үш рет жеңіске жетті.

Дарья Виткова W20 санатында екінші, Лучезара Кузина W16 санатында екінші орын иеленді. Максим Колесников М14 санатында жарыстардың қорытындысы бойынша екінші және үшінші орындарға ие болды.

«ALMATY OPEN 2026» халықаралық турнирінде Сергей Кремер М60 санатында, ал Яромила Кузина Open Kids санатында жүлделі орындардан көрінді.

Білім басқармасы спортшылар мен оларды дайындаған педагогтерді жарыстағы нәтижелерімен құттықтады.