Павлодарлық студенттер республикалық зияткерлік ойыннан жүлделі оралды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы зияткерлік ойын Семей қаласында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Абай облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті «Абай сөзі – әділдік темірқазығы» республикалық зияткерлік ойынын ұйымдастырды. Іс-шара сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 10 жылдығына арналған. Оған ЖОО студенттері арасынан құрылған өңірлік командалар қатысты.
Іс-шараның мақсаты жастарды адалдық, әділдік және парасаттылық қасиеттерімен ұлы Абайдың өмірлік қағидаттарына баулу, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беруді арттыру және парасаттылық идеологиясын ілгерілету болып табылады.
Қызу және бәсекелестік күрес барысында Павлодар қаласы Марғұлан университетінің командасы естелік сыйлықтар мен 150 мың теңге сомасына сертификат алып, екінші орынға ие болды.
– Ойынның ерекшелігі оның әдеби құрылымында Семей қаласы мен «Абай-Шәкәрім» мемориалы арасында орналасқан бес түрлі бекетте болды, – дейді Марғұлан университетінің студенттері.
Сондай-ақ қатысушылар Абай Құнанбаев пен Мұхтар Әуезов мұражай үйі, «Абай-Шәкәрім» мемориалы, «Еңлік – Кебек» ескерткіші және тағы да сол сияқты Қазақстан үшін қасиетті және тарихи маңызы бар орындарға баруға бірегей мүмкіндік алды.