Марғұлан университетінің жатақханасы студенттерді қабылдауға әзір ме
ҚР Ғылым және жоғары білім Министрлігінің тапсырмасы бойынша Павлодар облысында студенттерді жатақханаларға орналастыру мәселелерін шешуге бағытталған жедел штаб құрылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Өңірлік студенттік омбудсмен басшылығы және жедел штаб мүшелері облыстағы жоғары оқу орындарына қарайтын студенттер үйін аралап, тексеруге кірісті.
Бүгін Павлодар облысы бойынша студенттік омбудсмені, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің жанындағы кеңес мүшесі Дәурен Шәріпов, комиссия мүшелері Ризат Рахымжанов, Ернар Балтабай, Кенжебек Дәлелхандар Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетіне келіп, №1 және №2 студенттер үйін аралап көрді. Сонымен қатар, Марғұлан университетінің студенттері үшін жаңа жөндеуден өтіп жатқан ғимараттың құрылыс жұмыстарымен танысты. Мониторинг барысында жедел штаб мүшелері жатақханалардың тазалығын, жабдықталуын, студенттердің бос уақытына арналған қосымша бөлмелердің мүмкіндіктерін тексеріп, жоғары бағаларын берді.
Сонымен қатар, жатақханаларда орындар қандай критерийлер бойынша бөлінеді, тұру шарттары қандай, жаңа оқу жылында студенттерді қабылдау дайындығы сынды мәселелерге назар аударды.
- Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің барлық жатақханаларын аралап көрдік. Министрліктің тапсырмасы негізінде белгіленген критерийлер бойынша мониторинг өткіздік. Сонымен қатар, студенттерді орналастыру жұмысымен айналысатын ахуалды орталық пен жедел штаб жұмысымен таныстық. Жатақханалардың жағдайы қанағаттанарлықтай деуге болады. Дегенмен қыркүйек айының басында тағы бір тексеру жүргіземіз, - деді Павлодар облысы бойынша студенттік омбудсмені Дәурен Шәріпов.
Айта кетейік, бүгінде барлық жоғары оқу орындарында студенттерді жатақханаға орналастыру бойынша ахуалдық орталық және арнайы штабтар құрылып, жұмыс істеуде. Бірінші курс студенттері алдымен жатақхана алу бойынша өзі таңдаған университетке тікелей байланысқа шығуы қажет. Әлеуметтік желіде орналасқан әр университеттің алгоритміне сай құжаттар тапсыруы тиіс. Университеттердің Call -орталықтарына хабарласып, ақпарат ала алады.