Екібастұздықтар ерекше бас киімдердің көрмесін тамашалады
Ондағы бас киімдер шаңырақ, қобыз, кесе үлгісінде ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қалалық балалар көркемсурет мектебінің «Шик-ART» сән театры Наурыз мейрамы қарсаңында шығыс мотивтерін біріктірген түркі әлемінің мәдениеті мен стилистикасын танытатын «Шығыс керуені» костюмдер шоуын ұсынды.
Көрмеде түйе, арқар, қобыз, домбыра, кесе, шәйнек, торсық, шаңырақ, тұмар үлгісіндегі бас киімдері көрсетілді. Кеншілер шаһарын ерекшелігімен тәнті еткен шарадағы 10 авторлық топтаманың басты құндылығы «мүйіз», «қошқар мүйізі» тәрізді қазақ ою-өрнегімен көмкерілгендігінде болды.
- Этникалық өрнектермен және жылтыр сәндік бұйыммен безендірілген бас киімдер әмбебап болып табылады. Оларды қазақ ұлттық қолданбалы өнерінің үлгілері ретінде бөлек көрсетуге болады, - деді коллекция авторы, «Шик-АRT» сән театрының жетекшісі Азамат Рахметов. - Авторлық киімдер мен әшекейлер хореографиямен және музыкамен бірлесе отырып ұсынылуда. Бұл костюмдер шоуы Қазақстан тарихынан Ұлы Жібек жолы сияқты ерекше кезеңді еске салады.
Көрсетілімді түйе бейнесіндегі бас киім ашты. Өркешті жануардың көлемді фигурасы көптеген қазақ ою-өрнектерімен боялған және жүнмен безендірілген. Одан кейін ұлттық музыкалық аспаптар, сондай-ақ ою-өрнектермен сәнделген, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінің бірегей заттары, қазақ мәдениетінің байлығы мен өзіндік ерекшелігін көрсететін рәміздер қойылды.
Кішкентай сәнбикелердің көйлектері мен әшекейлері бас киімдерінің символына сәйкес келеді. Әсіресе, зергерлік бұйымдар мен кескіндеме бас киімдермен үндеседі және қайталанбайтындығымен ерекше.
- Материалдар соның ішінде маталар мен техникалар орта ғасырлардағы қолданбалы өнерге барынша жақындау үшін пайдаланылды, - дейді автор. - Мысалы, зергерлік бұйымдар сақиналар мен алқа қолдан жасалып, боялған. Шашбауды да біздің педагогтар дайындады және әрқайсысы өзінше ерекшелікке ие.
Айта кетейік, «Шик-ART» сән театры ерекше жобаларымен танымал. Ол 2019 жылы Алматыда өткен байқауда «Ата салтым — асыл қазынам» атты тарихи мотивтермен шабыттанған алғашқы коллекциясын ұсынды. Жинақ қолдан жасалған костюмдер мен этникалық зергерлік бұйымдар арқылы ұлттық талғамды көрсетсе, екінші топтама «Табиғат күші» деп аталады. Ол ХХ ғасырдың негізгі мәселелерінің бірі - Қазақстанның флорасы мен фаунасының жойылып бара жатқан өкілдерін сақтауды көтерді. Сондай-ақ қолдан жасалған және боялған киімдер сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлардың түрлерін, мысалы, ілбіс, арқар, қоқиқазды бейнелейді. 2022 жылы сән театры Ұлы Дала көшпенділерінің ежелгі нанымдарын, ұмытылған дәстүрлерді еске түсіретін «Ұлтымның ұлылығы ұрпаққа жалғасады» атты боялған плащтар топтамасымен көрермендерді қуантқан болатын.
Қазір балалар көркемсурет мектебінің педагогтары мен тәрбиеленушілерінің ұжымы жаңа топтамамен жұмыс жасауда.