Павлодарлық «Әл-әки» Мәскеуді думанға бөледі
Республика күніне орай Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде салтанатты қабылдау рәсімі өтіп, мерекелік концертте павлодарлық «Әл-әки» фольклорлық-этнографиялық ансамблі өнер көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Әл-әки» ансамблінің Мәскеуде өткен мерекелік шараға шақырту алуы кездейсоқ емес. Биыл құрылғанына 30 жыл толып отырған өнер ұжымы ресейлік жергілікті шығармашылық ұжымдармен берік қарым-қатынас орнатып үлгерген. Ресейлік өнерпаздар қатысқан талай фольклорлық фестивальдерде өнер көрсетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген. Ертіс-Баян даласын ән-жырға қосқан домбырашылар Мәскеу төріндегі шарада шабыттарын шалқытып, ерекше күш-қуатпен шарықтады.
– Осынау салтанатты кеште елордадан барған «Шабыт» домбырашылар ансамблімен бірге сахнада өнер көрсетіп, шығармашылық қарым-қатынасымызды нығайта түсуге негіз болды. Біздің ұжым Ресей жеріне барып, қазақ домбырасының қоңыр үнін қашан паш етеді екен деген үміт бар еді. Сол мақсатымыз орындалғандай. Елшіліктің салтанатты қабылдауында өзге бірнеше мемлекеттің Ресейдегі елшіліктерінің өкілдері болды. Олар біздің домбырашылар мен әншілеріміздің өнеріне тәнті болды, – дейді Естай атындағы мәдениет сарайының басшысы Сапар Шайхимов.
Айта кетейік, «Әл-Әки» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі - ҚР мәдениет қайраткері Жасқайрат Орынбаев. Мерекелік кеште домбырашылар Құрманғазының «Балбырауыны» мен Н.Тілендиевтің «Әлқиссасын» және өзге де танымал күйлерді сылқылдата тартып, қазақтың белгілі әндерін орындады.
Мәскеуге шығармашылық сапары барысында «Әл-Әки» халықтық-фольклорлық ансамблі ондағы Абай ескерткішіне барып, ақынның рухына тағзым етті. Абайдың бұл ескерткіші 2006 жылы Ресейдегі Абай жылы аясында Қазақстан елшілігіне жақын жерде ашылған еді.
Еске сала кетейік, Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры Мәскеу облысының Мытищи қаласында 26 қазан - 2 қараша аралығында «ФЕСТ» драма және комедия театрының сахнасында «Подмосковные вечера» атты VII Халықаралық театр фестиваліне қатысты. Аймауытов театрының ұжымы фестивальде Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ұждан» қойылымымен өнер көрсетіп, көрермен мен қазылар алқасының ыстық ықыласына бөленді.
Мұрат Аяғанов