MI TREND: Павлодарда БАҚ өкілдері арасында интеллектуалды жарыс өтті
Облыстық кітапханада «MI TREND» интеллектуалды сайысының іріктеу кезеңінің үшінші кездесуі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жолы ойын БАҚ саласының жас мамандарынан жиналған командалар арасында ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Ертіс Медиа» холдингінен құралған «Медиа мергендері», облыстық Saryarqa samaly газетінің «Сарыарқа», облыстық ERTІS телеарнасының «Ертіс» командалары бақ сынады.
Сайыс «Іріктеу» және «Дода» кезеңдері арқылы әдебиет, жалпы сұрақтар, өнер, салт-дәстүр, әлем және тарих бағыттарындағы сұрақтарды қамтыды.
– Мен журналистерді кітапханашыларға теңеймін. Себебі, кітапханашылар да жан-жақты болуы керек. Сіздер де әр салаға қатысты мақалалар жазып, сол салаға қатысты хабардар боласыздар. Бұл жарысты ойын ретінде қабылдаған дұрыс және оған қатысуға батылдық керек шығар. Жалпы, сауатты ұлтты тәрбиелеу үшін кітап оқуға уақыт таба білген дұрыс, – деп атап өтті С. Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасының директоры Шолпан Шахметова.
Іріктеудің төрт кезеңінен Halyq radiosy, Aiqara.kz порталы, Рavlodarnews.kz ақпараттық агенттігінің журналистерінен құрылған «Медиа мергендері» командасы финалға жолдама алды.
Бұған дейін білім беру саласының жас мамандарынан жиналған командалар – Баянауыл ауданының М.Әуезов атындағы мектеп мұғалімдерінің «Үздіктер» командасы, Ақсу қаласының «Жалын» мектеп мұғалімдерінің құрама командасы, «Жас дарын» мамандандырылған мектеп-лицейінің мұғалімдері - «NewZhastar», Қ.Бекхожин атындағы мектеп мұғалімдері «КереметMix» және Павлодар ауданы Кемеңгер орта мектебінің мұғалімдері «Кемеңгер» командалары арасында өтті. Нәтижесінде «КереметMix» командасы іріктеудің төрт кезеңінен өтіп, финалға жолдама алды.