Павлодарлық термеші республикалық жыршылар байқауында жүлде еншіледі

Павлодарлық термеші республикалық жыршылар байқауында жүлде еншіледі
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Ол ақшалай сыйлық ұтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қызылордада «Терме тәрбие жыр рух» атты республикалық жыршылар байқауы өтті. Мәдени іс-шара мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов құрастырған «Терме» жинағының жарық көргеніне 100 жыл және сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуұлы тәржімалаған «Шахнама» эпопеясының жарық көргеніне 90 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Додаға «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығына қарасты «Майра» мектебінің жетекшісі, термеші, мәдениет саласының үздігі Салтанат Қисатова қатысып, еліміздің әр өңірінен жиналған 30 талантты жыршының қатарынан озып шығып, жүлделі ІІ орынды еншіледі. Жеңісі үшін оған 500 мың теңгелік сертификат табысталып, диплом берілді.

Байқауға Астана, Алматы, Маңғыстау, Ақтөбе, Павлодар, Түркістан қалаларынан және аудандардан жыршылар қатысты.