Павлодарлық университет оқытушылары Түркістанда талапкерлерді қабылдауда
Еліміздің солтүстік, шығыс және батыс өңірлерінен 10-нан астам университет өкілдері барған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Марғұлан университетінің оқытушылары Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи университетіне барып, «Серпін» бағдарламасы бойынша түлектерді қабылдауды бастады.
Атап айтар болсақ, педагогика жоғары мектебінің вице-деканы Арай Рахимжанова, жаратылыстану жоғары мектебінің оқытушысы Баян Баймурзина «Серпін» бағдарламасына қатысатын жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясында жұмыс істеп жатыр. Олар 20 шілдеге дейін болады.
– Біз Түркістанда университет жайлы ақпарат беріп, жоғары оқу орынымыздың мүмкіндіктерін таныстыруға, сондай-ақ өтініштерді қабылдап, тіркеу жұмыстарын жүргізудеміз. Біздің университетке оңтүстіктен келіп оқуға түскен студенттер бар. Солар да көмектерін көрсетіп жатыр, – дейді Арай Рахимжанова.
Оның айтуынша, түркістандықтар Марғұлан университетін жақсы жетістіктері арқылы таныған.
Айта кетейік, Ахмет Ясауи университетінің ректоры Жанар Темірбекова өзге өңірлердің ЖОО өкілдерімен кездесіп, жұмыстарына сәттілік тілеп, ұйымдастыру жұмыстарына толық қолдау көрсететінін жеткізді.