Павлодар облысынан 30-ға жуық студент республикалық чемпионатта бақ сынайды
Додаға аймақтағы 14 колледждің өкілдері қатысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше, “WorldSkills Kazakhstan-2023” республикалық чемпионаты 23-25 қараша күндері “EXPO” халықаралық көрме орталығында өтеді.
Павлодар облысының өкілдері чемпионатта ұсынылған 30 құзыреттің 28-і бойынша өнер көрсететін болады. Өңірлік команда құрамына 29 студент және 28 педагог-сарапшы кірді.
Жолға шығар алдында жергілікті команда білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазинамен кездесті.
- Баршамызға белгілі әлемдік WorldSkills қозғалысы «Еңбек адамын» дәріптейтін жобалардың бірі. Облыс колледждерінің студенттері WorldSkills қозғалысына үлестерін қосып, өз ісінің нағыз кәсіпқойлары екенін дәлелдеді. 28 құзыреттің жүлдегерлері Астана қаласында өтетін WorldSkillsKazakhstan-2023 ұлттық конкурсына қатысайын деп отыр. Біздің елімізге сіздер сияқты белсенді, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу жастар керек. Конкурс қатысушыларына алдағы додада нәтижелі шабыс, сәттілік пен жеңіс тілеймін! Республикалық және халықаралық алаңдарда үнемі жеңістерге жете беріңіздер, - деді Самал Оспанқызы.
Ақпараттық технологиялар колледжінің түлегі Дина Афанасьева біздің команда үшін үлгі болмақ. Ол 2021 жылы “Веб-әзірлеу” бағыты бойынша “EuroSkills Graz 2021” Еуропа чемпионатында қола медаль жеңіп алды. Бір жылдан кейін Дина Қазақстан тарихында алғаш рет “WorldSkills” әлем чемпионатында қолаға қол жеткізіп, өзінің жетістігін қайталаған.
- Бұл додада павлодарлықтар үшін Виталий Кайлдың да орны ерекше. Ол - “WorldSkills Europe” кәсіби шеберлік байқауына қатысып, “Үздік медальонының” иегері атанған еді. Бұл марапат чемпионатындағы ең жақсы көрсеткіш үшін беріледі. Биылғы жылы Виталий Павлодар облысын “Плиткамен қаптау” құзыреттілігі бойынша педагог-тәлімгер ретінде таныстырады, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2022 жылы Павлодар облысы ұлттық байқау қорытындысы бойынша бесінші орынды иеленген еді. Биылғы жылы ұлттық құрама үздік үштікке кіруге үмітті.