Павлодарлық «Жасыл ел» штабы Қазақстандағы үздік атанды

Павлодарлық «Жасыл ел» штабы Қазақстандағы үздік атанды
Фото: автор

XXII еңбек маусымы қорытындыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда «JASYL EL AWARDS 2026» атты XXII еңбек маусымының облыстық жабылу салтанаты өтті. Шара барысында өңірдің көркеюіне, экологиялық мәдениеттің дамуына және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының жүзеге асуына үлес қосқан үздік сарбаздар, командирлер, еңбек жасақтары мен эковолонтерлер марапатталды.

Биылғы маусым павлодарлық жастар үшін ерекше жетістікпен есте қалды. Семей қаласында өткен республикалық еңбек маусымының салтанатты жабылуында Павлодар облыстық «Жасыл ел» штабы 2026 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы үздік штаб деп танылды.

Салтанатты жиында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова жастарды еңбек маусымының сәтті аяқталуымен құттықтап, олардың өңір дамуына қосқан үлесіне жоғары баға берді.

Ол Мемлекет басшысы атап өткендей, «Таза Қазақстан» бір жылмен немесе бір маусыммен шектелетін акция емес, сенбілік өткізуден әлдеқайда ауқымды, барша қазақстандықтарды біріктіретін жалпыұлттық идеология екенін жеткізді. Бұл бастама қоршаған ортаны аялауға, туған жерді құрметтеуге, тазалық пен тәртіпті сақтауға үндейді.

– Сіздердің еңбектеріңіз — патриотизмнің нақты көрінісі. Жастарымыздың бір мақсат жолында бірігіп, команда болып жұмыс істей алатынын және үлкен нәтижелерге қол жеткізуге қабілетті екенін көрсеттіңіздер, — деді Айгүл Мәлікова.

Облыс әкімінің орынбасары Павлодардағы «Жасыл ел» штабы 2005 жылы құрылғанын және еліміздегі алғашқы штабтардың бірі болғанын атап өтті. Осы уақыт аралығында өңірде бағдарламаға 50 мыңға жуық жас қатысқан.

Павлодарлықтардың жетістігін «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары республикалық штабының жетекшісі Нұрасыл Бекматов та ерекше атап өтті. Оның айтуынша, облыстық штабтың биыл республика бойынша үздік атануы — жүйелі жұмыстың, ұйымшылдық пен жастардың белсенділігінің нәтижесі.

Нұрасыл Бекматов биыл Қазақстан бойынша «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 35 мың жас еңбек еткенін мәлімдеді. Олардың 40 пайызы — ауыл жастары.

Ол «Жасыл ел» қозғалысы жастарды уақытша жұмыспен қамтудың ғана емес, еңбекке тәрбиелеудің, жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырудың маңызды мектебіне айналғанын жеткізді. Мұнда жастар алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап қана қоймай, ел дамуына нақты үлес қосуға мүмкіндік алады.

Павлодар облыстық «Жасыл ел» штабының жетекшісі Арина Краскова да XXII еңбек маусымын қорытындылап, сарбаздарға атқарған жұмыстары үшін алғыс білдірді.

Оның айтуынша, биыл «Таза Қазақстан» идеологиясы аясында ауқымды жұмыстар атқарылып, жасылелдіктер көптеген жарқын бастамалар мен экологиялық іс-шаралардың ұйымдастырушысы болды.

Атап айтқанда, Павлодар облысында маусым бойы 100-ден астам экологиялық акция мен сенбілік өткізіліп, түрлі бағытта 120-дан астам желілік еңбек жасағы жұмыс істеді.

– Биыл сарбаздарымыз үлкен жұмыс атқарып, көптеген ауқымды іс-шара өткізді және тамаша нәтижелер көрсетті. Сіздер — ең үздіксіздер! «Жасыл ел» — жай ғана ұйым емес, бұл үлкен отбасы, еңбек пен патриотизм мектебі, — деді Арина Краскова.

Салтанатты кештің басты сәттерінің бірі үздік қатысушыларды марапаттау рәсімі болды. Маусым бойы ерекше белсенділік танытқан жастар «Үздік сарбаз», «Үздік командир», «Үздік еңбек жасағы», «Үздік штаб» және «Үздік эко-волонтер» аталымдары бойынша марапатталды.

Үздіктер қатарынан Шарбақты аграрлық-техникалық колледжінің өкілі Сұңқар Мұхтар да көрінді. Жастар қозғалысының белсенді мүшесі еңбек маусымындағы жауапкершілігі, бастамашылдығы және қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқаны үшін «Үздік сарбаз» атағына ие болды.

Шара аясында жас ұрпақтың экологиялық бастамалары да назардан тыс қалмады. №11 мектептің өкілдері Анастасия Лукманова, Лариса Лукина және 11-сынып оқушысы Даниил Лукманов Қазақстан мен Павлодар облысының экожүйесін жақсартуға бағытталған жобаларын таныстырды.

Олардың бастамалары араларды қорғау, балды өсімдіктерді көбейту, сондай-ақ теміржол саяхатын экологиялық туризмді дамытудың тиімді тетігі ретінде қарастыратын TourTrailKZ жобасын қамтиды.

Жас зерттеушілер осылайша табиғатты қорғау тек сенбілікке қатысумен шектелмейтінін, қоршаған ортаны сақтауға ғылыми ізденіс, тың идеялар мен заманауи туристік жобалар арқылы да үлес қосуға болатынын көрсетті.

«JASYL EL AWARDS 2026» салтанаты музыкалық қойылымдармен, еңбек маусымының жарқын сәттерін қамтыған бейнероликпен және «Жасыл ел» әнұранымен толықты. Оны Иса Байзақов атындағы облфилармонияның солисі Мадияр Бақтияров орындады.

Осылайша, XXII еңбек маусымы өз мәресіне жетті. Алайда жасылелдіктердің туған жерді көркейтуге бағытталған жұмысы жалғаса бермек. Ал Павлодар облыстық штабының республикадағы үздік деп танылуы — мыңдаған жастың табанды еңбегі мен ортақ мақсатқа деген адалдығының айқын нәтижесі.