Павлодарлық жеңіл атлетшілер Азия чемпионатында қос медаль олжалады
Жеңіл атлетикадан жабық алаңдағы Х Азия чемпионаты Астана қаласында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Чемпионатқа Қазақстан құрамасының сапында Павлодар облысынан Александра Залюбовская, Сергей Степанковский, Анна Дубина, Ольга Сафронова сынға түсті.
Жарыста ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, павлодарлық Ольга Сафронова 7.32 секундта 60 метрге жүгіріп күміс медаль жеңіп алды.
ҚР спорт шебері Александра Залюбовская әйелдер арасындағы 400 метрлік эстафетада Қазақстан құрамасының сапында алтын медаль жеңіп алды. Қазақстандық 4 қыз 400 метрді 3:44.21 секундта жүгіріп шықты.
Сондай-ақ Александра Залюбовская жекелей сында 400 метрге жүгіруде 4-орынға тұрақтаған болатын.
Айта кетейік, Астанадағы «QAZAQSTAN» жеңіл атлетика кешенінде өткен Азия чемпионатына әлемнің 31 елінен 500-ден астам спортшы қатысты.
Оразбек Саяхат
Фото: @qazathletics