Павлодар облысында он мыңнан астам көп балалы ана мемлекеттік жәрдемақы алады
Жәрдемақы төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар аналарға беріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова бүгінгі таңда облыс бойынша мемлекеттік жәрдемақыны 10465 көп балалы ана алатынын мәлім етті.
Аудандар мен қалалар бюджетінің қаражатынан аз қамтылған және көп балалы отбасыларға біржолғы әлеуметтік көмектің мынадай түрлері көрсетіледі: 10-нан 20 АЕК (36920 -73840 теңге) мөлшерінде 12 апта жүктілік бойынша есепке тұрған әйелдерге, 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне – көп балалы аналарға, АӘК алушылар қатарынан 5 АЕК (18460 теңге) мөлшерінде.
– Облыс бойынша бұл төлемдерді жалпы сомасы 15,2 миллион теңгеге 740 адам алды, – деді басқарма басшысы. – Бұдан басқа, табысы кедейлік шегінен төмен көп балалы аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Есептік кезеңге көмек 2704 отбасына, оның ішінде 789 көпбалалы отбасына жалпы сомасы 552,2 миллион теңгеге тағайындалды.
Сонымен қатар, Альмира Дисюпова мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік қолдауы мен өмір сүру сапасын жақсарту да мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болып табылатынын атап өтті.
– Өңірде 29 мыңнан астам мүгедек адам тұрады. Оның ішінде 13147 әйел, 1893 – бірінші топ, 5378 – екінші топ, 4359 – үшінші топ, 1517 – 18 жасқа дейінгі балалар. Әлеуметтену деңгейін арттыру мақсатында мүгедек адамдар техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етіледі. Ағымдағы жылы осы мақсаттарға 2,2 миллиард теңге қарастырылған, – деді спикер.
Сондай-ақ, облыста бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында көпбалалы отбасыларға қолдау көрсететін бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылдың басынан бері көпбалалы отбасылардан 40 адам тұрақты жұмысқа, субсидияланатын жұмыс орындарына 85 адам орналастырылған.
Бұдан бөлек, «Бизнес Бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 43 адам, қысқа мерзімді оқытумен 4 адам қамтылды. Ағымдағы жылы бизнес-идеяны іске асыру үшін гранттар беруге өтінімдерді қабылдау 20 мамырдан бастап жоспарланған.