«Ekibastuz fest: Заң мен тәртіп» фестивалі жастарды бір алаңға жинады

«Ekibastuz fest: Заң мен тәртіп» фестивалі жастарды бір алаңға жинады
Фото: Константин Шелков

Іс-шара «Таза Қазақстан» және «Адал азамат» акциясы аясында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кеншілер қаласында өткен «Ekibastuz fest: Заң мен тәртіп» ауқымды жастар фестивалі заң, тәртіп және қауіпсіздік мәселелеріне арналды. «Қазақстан» алаңына бес мыңнан астам адам – мектеп оқушылары, студенттер, жұмысшы жастар, еріктілер, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері жиналды.

Шараға облыс әкімі Асайын Байханов, облыс прокуроры Алмат Байшұлақов, облыс полиция департаментінің бастығы Василий Скляр, сондай-ақ білім беру, прокуратура, полиция салаларының және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру.

Павлодар облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Ирина Темірғалиеваның айтуынша, фестиваль бағдарламасы бірнеше бағытты қамтыған.

– Бұл – есірткі қылмысына қарсы күрес, интернет-алаяқтықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау. Қаланың түрлі аумағында профилактикалық акциялар, есірткі жарнамаларын өшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар қатысушыларға «Үш тағдыр» фильмі көрсетіледі, – деді ол.

Негізгі іс-шаралар қаланың бірнеше нүктесінде өтті «Қазақстан» алаңынан бастап №26 мектепке дейін, онда алғашқы «Прокурорлық сынып» ашылды. Жаңа арнайы сынып жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру алаңына айналады.

Мұнда оқушылар заң негіздерін, медиасауаттылық пен цифрлық қауіпсіздікті меңгеріп, прокуратура мен полиция өкілдерімен кездесулерге қатысады.

Екібастұз қаласы білім бөлімінің басшысы Лаура Дисюпованың айтуынша, бұл жобаның басты мақсаты – жасөспірімдерге заңның маңызын ерте бастан түсіндіру.

– Біздің міндетіміз – жасөспірімдердің бойында заңды қауіпсіз және әділетті өмірдің негізі ретінде қабылдауын қалыптастыру. Балалар ерте жастан өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауды үйренуі тиіс, – деді ол.

Қазіргі таңда өңірде «Заң мен тәртіп», «Заң және жасөспірім», «Полиция және балалар – қауіпсіздік үшін бірге!», «Дружим с законом», «Навигатор: сарапшымен кездесу» сияқты жобалар, сондай-ақ тәлімгерлік пен отбасылық құқықтық ағарту бағдарламалары жүзеге асырылуда.

Шара барысында белсенді жастар мен қоғам белсенділері марапатталды. Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамотасымен қалалық жастар бастамаларын дамыту орталығының инспекторы Бекарыс Абдулла мен Екібастұз жастар мәслихатының депутаты Нұрлыбахыт Нұрланұлы марапатталды.

Ал облыс әкімінің Алғыс хатын Екібастұз политехникалық колледжінің студенті Нұркелді Озғанбай, жастар бастамаларын дамыту орталығының инспекторы Индира Рахымжанова және Шідерті кенті ауыл жастары кеңесінің мүшесі Бекжан Тау алды.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Бас прокурорының Алғыс хатымен Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин марапатталды.

Фестиваль қатысушылары алдында облыс әкімі Асайын Байханов сөз сөйлеп, жастардың белсенділігіне алғыс білдірді.

– Қаламыздың, өңіріміздің және мемлекетіміздің қандай болатыны әрқайсымызға байланысты. Бұл – біздің жауапкершілігімізге, тәрбиемізге және білімімізге байланысты. Екібастұз жастары әрқашан белсенділігімен, білімге ұмтылысымен және еңбекқорлығымен ерекшеленеді, – деді өңір басшысы.

Ол жастарға жауапты азамат болып, жетістікке ұмтылуға тілектестік білдірді.

Жиналғандарға прокуратура өкілдері де үн қатты.

– Бүгінде мемлекет пен қоғам үшін Конституцияны құрметтейтін, тәртіпті бағалайтын және өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын ұрпақ тәрбиелеу маңызды. «Заң мен тәртіп» идеологиясы – жай ұран емес, елдегі тұрақтылық пен қауіпсіздіктің негізі, – деді ведомство өкілдері.

Фестиваль аясында интерактивті алаңдар, полиция мен төтенше жағдайлар қызметінің арнайы техника көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар экологиялық акциялар мен «Қауіпсіз шағынаудан» жобасының таныстырылымы өтті. №26 мектепте «Прокурорлық сынып» ашылды.

Еске сала кетейік, облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұзға жұмыс сапарымен барған болатын. Өңір басшысы қала ардагерлерімен кездесіп, оларға автокөліктің кілтін табыстады.