Павлодарда сотталған азаматтарға арналған «Құқықтық дәріхана» акциясы өтті

Павлодарда сотталған азаматтарға арналған «Құқықтық дәріхана» акциясы өтті
Фото: Константин Шелков

Іс-шара «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарасты №45 мекемеде әлеуметтік-құқықтық «Құқықтық дәріхана» акциясы өтті. Жазасын өтеп жатқан азаматтар заңдық және әлеуметтік мәселелер бойынша кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.

Алаңда 11 мемлекеттік органның өкілдері, сондай-ақ қорғаушылар жұмыс істеді. Қатысушылар үшін арнайы үстелдер қойылып, әркім өз сұрағымен тиісті мамандарға жүгінді.

Жалпы 700-ден астам адамға кеңес берілді. Көбіне сот үкімдерін қайта қарау тәртібі, талап-арыздарды өтеу және медициналық көмек алу мәселелері көтерілді. Мемлекеттік қызметшілер әр жағдай бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

– Біз бұл акцияны сотталған азаматтар мамандарға тікелей жүгіне алуы үшін өткіздік. Олардың мемлекеттік органдарға бару мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан барлық қызметті осында жинап, азаматтардың сұрақтарына жауап беруді маңызды деп санадық. Олар да Қазақстан азаматтары, конституциялық құқықтары бар, – деді облыс прокурорының аға көмекшісі Азамат Мұхтаров.

Ұйымдастырушылар мұндай форматтағы акция өңірде алғаш рет өткенін атап өтті. Алдағы уақытта оны қатысушылардың сұраныстарын еске отырып қайта өткізу жоспарлануда.