Павлодарлықтар қандай мемлекеттік қызметтерді жиі қолданады?

Өткен жылы өңір тұрғындарына бір миллионнан астам қызмет көрсетілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ облыстық филиалының мәліметінше, өткен жылы қазақстандықтарға қызмет көрсету орталығы мен мамандандырылған ХҚКО арқылы 15 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Сондай-ақ, қазақстандықтар 8 миллионнан астам қызметті Сonnection Point өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы алған.
Павлодар облысы бойынша халыққа қызмет көрсету орталығы мен мамандандырылған ХҚКО арқылы 1 140 356 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде ХҚКО арқылы – 564 086, Сonnection Point өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы – 576 270.
Алғашқы үштікке келесі мемлекеттік қызметтер кірді: көлік құралдарын тіркеу, жеке куәліктер мен төлқұжат алу, ЭЦҚ алу мен оны қайтарып алу.
– Мемлекеттік корпорация әрдайым тұтынушылардың жайлылығы мен ыңғайлылығына басымдық береді. Біз өз қызметтерімізді қолжетімді және ыңғайлы ету үшін оларды үнемі дамытып, жетілдіріп отырамыз. Біздің мақсатымыз – барлық процестердің ашық әрі қауіпсіз екеніне кепілдік беру арқылы әрбір адамға қызмет алу мүмкіндігін қамтамасыз ету, – деп атап өтті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Айбат Ілиясов.
Мемлекеттік корпорация азаматтарға қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған инновациялық шешімдерді тұрақты негізде енгізуде. Мәселен, «ХҚКО» мобильді қосымшасының функционалдығы айтарлықтай кеңейтілді. Сонымен қатар, халыққа қызмет көрсету орталықтарында және мамандандырылған ХҚКО-ларда дербес менеджерлер практикасы енгізілді, бұл жеке жұмыс істеудің деңгейін арттырып, қызметтерді алу процесін жақсартады.