Павлодарлық полицей пародист-қылмыскерлердің әдістерімен таныстырды
Қылмыстың бұл түрі барлық құқық бұзушылықтардың үштен бірін алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров аталмыш қылмыстарға баратын адамдардың әдіс-тәсілдерін санамалап өтті.
- Біріншіден, адамдардың туыстарының дауыстарын қолданып, машина қағып кетті, адам өлтірдім, полицияға түстім деп телефон арқылы көмек сұрайды, - деп бастады Жасқайрат Қайыров. – Содан соң пәтерді жалға беремін деп алдын ала ақысының 10-15 процентін сұрайды. Машина, киім-кешек, жиһаз басқа да заттарды арзанға сатамын деп жарнама береді.
Полицейдің айтуынша, тек осы жылы осындай келеңсіздіктермен айналысатын төрт топ құрықталды. Негізінен, бұлар жергілікті дропперлерді пайдаланып, шетелден әрекет жасайды.
- Біз осы ақпаратты азаматтарымызға үнемі жеткізіп отырамыз, тұрғындар алаяқтардың бұл тәсілдерін жақсы біледі. Бірақ, қайта-қайта қылмыскерлердің құрығына түсіп кетеді, - дейді полиция полковнигі.
Айта кетейік, полиция департаментінің ақпаратына сүйенсек, облысымызда қылмыстылық, оның ішінде балалар арасындағы құқық бұзушылықтардың саны едәуір төмендеген. Мысалы, он жыл бұрын өңірімізде кәмелетке толмағандар 332 қылмыс жасаса, биыл олардың арасында 22 қылмыс тіркелді.
Фото: автор