Павлодарлық студенттер заманның өзекті мәселелерін қозғайтын қойылым қойды

Павлодарлық студенттер заманның өзекті мәселелерін қозғайтын қойылым қойды
Фото: Марғұлан университеті баспасөз қыметі

Қойылымнан түскен қаражат қайырымдылыққа жіберілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Марғұлан университетіндегі «Ғибрат» шығармашылық бірлестігінің студенттері  «№111» қойылымын көрермендерге ұсынды.

Қоғам талқысына түскен қазіргі өзекті мәселені батыл қадам жасап, барынша қозғай отырып, театр сүйер жандардың көзайымына айналды.

Төлен Әбдіктің «Оң қол» шығармасының желісімен инсценировкасын жасаған Ермек Орынбасар және Сая Еркеш. Спектакль Арайлым Сүндеттің режиссерлығымен қойылған болатын.

– Сахналық қойылымдарға арналған көптеген материалдар игерілмей жатыр. Соларды сахнаға шығарып, көрерменге жеткізу бүгінгі өнер саласында жүрген жастардың міндеті. Қоғамдағы толғақты дә өзекті мәселелерді дәл осылай өнер тілімен жеткізу екінің бірінің қолынан келмейді. Сондықтан, «Ғибрат»  шығармашылық ұжымына сәттілік тілейміз, алар асуларыңыз биік болсын, – деді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айбек Оралхан.

Қойылымның мақсаты-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және әр көрерменге ой салу болды. Қалың көрерменге «Қыз намысы мен тағдыры», «Отбасындағы ата-ананың ролі», «Ерлі-зайыптылар арасыңдарғы кикілжің», «Құмар ойын» сияқты тақырыптар арқылы заманның өзгеріп жатқандығын жеткізуді көздеді.

Қойылымнан түскен барлық қаражат @danyalga_komek Даниял есімді бүлдіршіннің еміне жіберілді. 

– Бізді қолдап келген әрбір жанға алғыс білдіреміз! Театрға келіп рухани азық алып, қайырымдылыққа қол ұшын созғандарыңыз үшін рахмет! Театр өз мақсатына жетті деген ойдамыз,– деді «Ғибрат» шығармашылық бірлестігінде.

Қойылым соңында Павлодар облысының мәдениет саласының мамандары өз пікірлерін білдірді. Бірлестіктің алдағы уақыттағы жұмыстарына сәттілік тілеп, қолдау көрсететіндерін жеткізді.