Павлодар облысы бюджетінің жартысынан астамы әлеуметтік салаға бағытталған

Павлодар облысы бюджетінің жартысынан астамы әлеуметтік салаға бағытталған
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Аймақта әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарға 600 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. Олар үшін 405 грант қарастырылған.

Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде есеп беру кезінде атап өтті.

– Әлеуметтік салаға облыстық бюджеттің барлық қаражатының 51 пайызынан астамы бағытталып отыр, бұл оның жоғары әлеуметтік бағыттылығын көрсетеді. Біз жұмыссыздық деңгейін 4,8 пайыз деңгейінде ұстап отырмыз. Бұған 25,5 мың жұмыс орнын құру ықпал етті, олардың 73 пайызы – тұрақты жұмыс орындары, – деді өңір басшысы.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында оқушы орындарының тапшылығын азайтып, үш ауысымды оқытуды болдаырмау үшін 1 қыркүйекте «Достық» шағынауданында 1200 орындық №48 мектептің ашылуы мүмкіндік берді. Үшінші тоқсаннан бастап Павлодар қаласындағы 600 орындық №47 мектепте де оқушылар білім ала бастайды.

Байтұрсынов атындағы мектепке 288 орындық қосымша ғимараттың құрылысы аяқталуға жақын.

Өңірде апатты мектептер мәселесі Аққулы ауданының Тлектес, Павлодар ауданының Бірлік және Ертіс ауданының Бұланбай ауылдарында үш шағын жинақты ауыл мектебін пайдалануға беру арқылы шешілді.

Халықаралық және республикалық олимпиадалар мен байқауларда павлодарлық оқушылар 329 медаль жеңіп алды, оның 50-і – халықаралық деңгейдегі марапаттар.

Облыстың олимпиадалық командасы республикалық олимпиадалардың қорытындысы бойынша «Қазақстан Республикасының үздік олимпиадалық командасы» атанды.

Сонымен қатар, өңірде 12,9 миллиард теңгеге 58 әлеуметтік нысан жөндеуден өтті және 7,8 миллиард теңгеге 22 жаңа нысанның құрылысы жүргізілуде.