«Ел анасы» Бақытжамал Максилова: Патриотты ұрпақ тәрбиелеу– ортақ міндет
«НҰР-АНА әлемі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі ұлтжандылық тал бесіктен басталу керек деген ойда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
– Бұл мерекені тойлаймыз, бірақ біздің басты мақсатымыз– ұрпақтарға осы тәуелсіздіктің қалай келгенін, желтоқсан айында азаттық үшін күрескен қанша жастардың қырылғанын айту деп санаймын. Бүгінгі ұрпақ Желтоқсан оқиғасына қатысқан ағалар мен әпкелерін естеріне алып жүру керек,– деді Бақытжамал Максилова.
Оның сөзінше, тарихты білетін жандар, өмір көрген азаматтар ұрпақтарға үлгі-өнеге беру арқылы олардың бойында патриоттық сезімді оята алады.
– Тәуелсіздік күніне орай балабақшада мерекелік іс-шараның қонағы ретінде мені шақырған. Ол жерде төрт-бес жастағы кішкентай бүлдіршіндер: «Мен– Тәуелсіздіктің болашағымын» деп ұранадатып жүрді. Бала өтірік айтпайды, оның жүрегі таза. Бұл – керемет, өзім бір қуанып қалдым. Осы елдің азаматымын, осындай патриоттық сезімімін бар деп айтатын ұрпағымыз болса, онда нағыз тәуелсіздіктің мерекесі деп айтуға болады,– деді ол.
Бақытжамал Максилова осындай патриоттық шаралар ауқымды түрде және көбірек өткізіліп тұрса екен деп тілейді.