Президент православ қауымын Пасха мерекесімен құттықтады
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күннің рухани мәніне тоқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы өз құттықтауында Пасха мейрамының христиан жылнамасында айрықша орын алатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл мереке – үміт пен сүйіспеншіліктің, рухани жаңарудың символы. Сонымен қатар, Пасха кезеңінде жанашырлық, мейірімділік, тату көршілік және өзара көмек секілді құндылықтар кеңінен насихатталады.
– Православ қауымы қоғамда әділдік, бейбітшілік, келісім, төзімділік және сенім қағидаттарын қалыптастыруға елеулі үлес қосып келеді. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан Пасха дәстүрі отбасындағы ынтымақты сақтауға және адамгершілік қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етеді, үлкенге құрмет көрсетіп, жақыныңа жанашыр болуға баулиды, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық бірлік пен конфессияаралық келісімнің маңызын атап өтіп, дәстүрлі құндылықтар мен жаңғырудың үйлесімі ел дамуының негізі екенін айтты. Мемлекет басшысы елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық, заң мен тәртіп, білім мен инновация, сондай-ақ қоршаған ортаға қамқорлық қағидаттары берік орнығып келе жатқанын жеткізді.
Құттықтау соңында Президент барша азаматтарға зор денсаулық, мол бақыт және толағай табыс тілеп, Пасха мерекесі әр шаңыраққа шаттық пен бақ-береке әкелсін деген ниетін білдірді.