Қазақстан жүрек пен қатерлі ісікке қарсы күресте табысқа жетіп келеді

Ел денсаулық сақтау жүйесін нығайтып, ауруларды ерте анықтау, емдеу мен алдын алу шараларын тиімді жүзеге асыруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Еуропалық аймақ бюросының 2025 жылға арналған жаһандық мониторингінде белгіленген мақсатқа жеткен тоғыз мемлекет қатарына қосылды және Орталық Азияда осы көрсеткішке қол жеткізген тұңғыш ел атанды. Бұл мақсат – жұқпалы емес аурулардан болатын мерзімінен бұрын өлімді 25%-ға қысқарту болып табылады.
ДДҰ есебінде Қазақстанның жүрек-қан тамырлары аурулары мен қатерлі ісікпен күресудегі тәжірибесі мен нәтижелері кеңінен баяндалған. Ел денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға, ауруларды ерте анықтауға, емдеуді жақсартуға және өмір сүру ұзақтығын арттыруға бағытталған тиімді шараларды жүзеге асыруда.
– ДДҰ-ның Еуропалық аймақтық бюросы Қазақстанмен бірге жұқпалы емес аурулардан болатын өлім-жітімнің негізгі себептерін жою бағытында жұмыс істеп келеді, – деді ЕАБ ДДҰ-ның Аурулардың алдын алу және денсаулықты нығайту бөлімінің директоры доктор Гундо Вайлер. – Елде инсульт пен жүрек-қан тамырлары ауруларын емдейтін ұлттық орталықтар құрудан бастап, темекі тұтынуымен күресуге және құрамында қанты бар сусындарды азайтуға дейінгі кең ауқымды шаралар қабылданды. Бұл күш-жігер халық денсаулығына оң әсерін беріп жатыр.
Жұқпалы емес аурулар – жүрек-қан тамырлары аурулары, қатерлі ісік, созылмалы тыныс алу жолдары аурулары мен қант диабеті – Еуропалық аймақтағы өлімнің 90%-дан астамын құрайды. Доктор Гундо Вайлердің айтуынша, Қазақстан осы аурулардың алдын алуға бағытталған шаралардың 50%-ын толық, 36%-ын жартылай іске асырды.
2017-2024 жылдар аралығында катетеризациялық зертханалардың саны 31-ден 49-ға дейін артты. Елде 83 инсульт орталығы жұмыс істеп, инсульттен кейінгі өлім мен мүгедектіктің азаюына ықпал етті. Қазақстан күрделі кардиохирургиялық операциялар, соның ішінде жүрек пен өкпе ауыстырып орналастыру бойынша Орталық Азиядағы көшбасшыға айналды.
Сонымен қатар, Қазақстанда 2024 жылы сүт безі және колоректалды ісікке арналған скрининг бағдарламалары аясында 70%-ға дейін қамту көрсеткіші тіркелді.
– Ерте диагностика, дер кезінде көрсетілетін медициналық көмек және пациенттерді қолдау – Қазақстанның ұлттық денсаулық сақтау бағдарламасының басты басымдықтары болып қала береді. Бұл шаралар қоғамдық денсаулық көрсеткіштерінің жақсаруына ықпал етіп отыр, – деді ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев. – 2023 жыл қорытындысы бойынша еліміздегі өмір сүру ұзақтығы 2022 жылғы 74,44 жастан 75,09 жасқа дейін өсті. Өлім-жітім көрсеткіштері де жақсарды: 2021 жылы 1000 адамға шаққанда 9,6 жағдай тіркелсе, бұл көрсеткіш 2023 және 2024 жылдары тұрақты түрде төмендеп, 6,5-ке дейін азайды.
Елде сондай-ақ адам папиллома вирусына қарсы вакцинация бағдарламасы қолға алынып, 116 000-нан астам қыз бала егілді.
Темекі шегуді азайту бойынша Қазақстан ең қатаң шараларды енгізді: қоғамдық орындарда шылым шегуге тыйым салынды, темекі өнімдерінің орамдарына ескерту суреттері қойылды, салықтар өсірілді, электронды сигареттерге шектеулер енгізілді. Соңғы он жыл ішінде бұл шаралар темекі шегудің таралу деңгейінің айтарлықтай төмендеуіне әкелді, қазіргі таңда оның көрсеткіші шамамен 20% деп бағаланып отыр.
Қантты сусындарды тұтынуды шектеу бойынша мектептерде сатуға тыйым салынды және 21 жасқа дейін энергетикалық сусындарды сатып алуға шектеу қойылды.
Бұл үміт ұялататын ілгерілеуге қарамастан, кейбір бағыттарда қосымша шаралар қабылдауды қажет етеді.
– Бүгінде Қазақстанда тұз тұтынуды азайту және балаларға бағытталған зиянды тағамдар жарнамасын шектеу бойынша шаралар іс жүзінде жоқтың қасы. Ал ана сүтін алмастырғыштар мен трансмайларға қатысты нормалар жартылай ғана іске асырылған. Үкімет осы мәселелерді шешуге басымдық беріп, ЖАА-мен күрес саласындағы саясатты күшейтуді жоспарлап отыр, – деді ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев. – ДДҰ Еуропалық аймақтық бюросымен ынтымақтастық Қазақстанның ЖАА-ның алдын алу және емдеу стратегияларын қалыптастыруда маңызды рөл атқарды.
Қазақстан ДДҰ-ның ұсынымдары негізінде денсаулық сақтау саласындағы деректер жүйесін жетілдіруді жалғастырады, бұл халық денсаулығын жақсартуға бағытталған нақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Осылайша, Қазақстан жұқпалы емес аурулармен күресте аймақтың үлгісі болып отыр және бұл бағыттағы жұмыс әрі қарай жалғасады.