Республика күні Павлодарда «Қазақтың Шопені» өнер көрсетеді
Нұрали Бейсеқожа – көптеген халықаралық байқаудың жеңімпазы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.
Жанкүйерлер оны «Қазақтың Шопені», «Қазақстанның ең жас композиторы», «Миллиондаған адамның жүрегін жаулаған вундеркинд!» деп атаған. Фортепианода төрт жасынан бастап ойнай бастаған ол бес жасында алғашқы туындысын жазып, анасына арнаған. Тоғыз жасында «Қазақстанның ең жас композиторы» атағын растайтын куәлік алған. Скрипка, фортепианода шебер ойнайтын талант иесі үш жүзге жуық музыка жазған.
Өңірде айтулы мерекеге орай жалпы 700-ден астам іс-шара ұйымдастырылады.
– Облыстың қалалары мен аудандарында салтанатты жиын мен мерекелік концерттер 23-24 қазан күндері өтеді. Белгіленген күндерде музейлер мен кітапханаларда тақырыптық фотоқұжаттық және кітап көрмелері ұйымдастырылады, – деді Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан.
Ал Республика күнінде барлық мұражайларға кіру тегін болады.
– 24 қазан күні Естай атындағы мәдениет сарайында салтанатты жиын өтеді. Концерттік бағдарламаның арнайы шақырылған қонақтары Қазақстанның ең жас композиторы Нұрали Бейсеқожа, композитор, домбырашы Ғаламат Бейсеқожа және ұлттық дәстүрді ұлықтаған «Алашұлы» тобы өнер көрсетеді, – деді Медет Тауасқан.
П. Васильев музей-үйінде «Күн астында гүлде, менің Қазақстаным!» көрме, «Қазақстан – әлем елі» деректі кино қойылады.
– Биылғы жылдың ерекшелігі өңірімізде Естай атындағы мәдениет сарайында «Өнер додасы» атты Павлодар және Ақмола облыстары арасында командалық дәстүрлі өнер сайысы өтеді. Дода да екі аймақтың айтыскер ақындары, жыршы, термешілері, күйшілері мен дәстүрлі әншілері арасында сайыс өтеді, – деді Медет Тауасқан.
Байқауда Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Жүрсін Ерман, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қалқаман Сарин және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғалым Жайлыбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Тұрар Әліпбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, дәстүрлі әнші Ұлжан Байбосынова, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Ерболат Шалдыбеков қазылық етеді.
Сондай-ақ 25 қазан күні Мойылды ауылында жаңа мәдениет үйі ашылады. «Шаңырақ» орталығы мен Batyr mall сауда орталығында, «Колос» балалар мәдени ойын-сауық орталығында «Қазақстан – егемен елім», орталық мәдениет және демалыс саябағында «Сені жырға қосамын, туған өлкем!» және Қ. Әбусейітов атындағы мәдени ойын-сауық орталығында «Туған елім – Қазақстаныма арнаймын» атты концерттер қойылады.