Павлодарлық екі жас ақын республикалық айтыста жүлде алды
Оларға ақшалай сылық берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
21-22 қазан аралығында Алматы облысы білім беру басқармасының ұйымдастыруымен үшінші рет Жамбыл Жабаевқа арналған «Жыр алыбы – Жамбыл» атты республикалық жас ақындар айтысы өткізілді.
Республика көлемінде өткізілген айтыскерлер додасына жалпы орта білім беретін мектептердің 8-11-сыныптарынан 36 оқушы қатысты, соның ішінде Павлодар облысынан екі жас ақын болды.
Шара қатысушыларына Қарасай ауданындағы «Анаға құрмет» мұражайына, Жамбыл Жабаев мұражайына саяхат және Сүйінбай, Жамбыл, Есенқұл бабаларға тағзым ету ұйымдастырылды.
Айтыс қорытындысында Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының 10-сынып оқушысы Мейіржан Баршинбаев ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталып, ақшалай сыйлыққа ие болды. Павлодар қаласы №33 жалпы орта білім беру мектебінің 10-сынып оқушысы Еркеш Қажетке Әсімхан Қосбасаров атындағы арнайы жүлде мен ақшалай сыйлық табысталды.
Алматы облысы білім беру басқармасының Алғыс хаттары шәкірттері өнер көрсеткені үшін екі жетекшісіне – Асығат Тұрғанбек пен Арай Куямбаеваға табысталды.