Театр және кітап: Павлодарда шығармашылық кездесу өтті

Театр және кітап: Павлодарда шығармашылық кездесу өтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыстық кітапханада өткен шығармашылық кездесуде театр актерлері көрермендермен тәжірибесімен бөлісіп, әсерлі монологтар оқыды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Іс-шара Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының 35 жылдығына және Халықаралық театр күніне орайластырылды.

«Актер сыры» атты шығармашылық кешке театр өнерінің майталмандары – Ақық Таспаева, Құралай Мусанова, Райхан Жұмақанова және Медет Садығазин қатысты. Сондай-ақ, Иса Байзақов атындағы филармонияның дәстүрлі әншісі Әсел Ботаева қонақтардың құрметіне ән шырқап, кештің көркін аша түсті.

– Актерлер сахнадағы өмір жолдары, рөлдерді сомдау барысында бастан өткерген қызықты сәттерімен бөлісіп, көрермендердің сұрақтарына жауап берді. Ерекше әсер қалдырған сәттердің бірі – кеш қонақтарының оқыған монологтары мен Медет Садығазиннің орындауындағы Иса Байзақовтың «Желдірмесі» болды, – деді С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың баспасөз қызметі.

Жас көрермендер актерлік шеберлікке бойлап, мимика мен бейнелерді көрсетуде өздерін сынап көрді. Шара шынайы өнерге толы, жылы атмосферада өтті.